22 Шілде, 05:07
RAST.kz
USD USD 469.59 ₸
EUR EUR 536.22 ₸
RUB RUB 5.96 ₸
Погода в Астане
Погода
Погода в Астане на 2 недели
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

Испания мен Аргентина мундиал финалында кездесіп, алтын медаль үшін күреседі (видео)

16 Шілде 2026 14:00
- Жаңалықтар, Сайыс
Испания мен Аргентина мундиал финалында кездесіп, алтын медаль үшін күреседі (видео)
Facebook-те бөлісу Twitter-де бөлісу

НЬЮ-ЙОРК. 16 шілде. Шілденің 20-сына, дүйсенбіге қараған түннің ортасында Нью-Йорктің «New York/New Jersey Stadium» стадионында Испания және Аргентина құрамалары 2026 жылғы әлем чемпионатының бас жүлдесін сарапқа салады. Бұл туралы «Спорт-Экспресс» ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

Бүгінге қараған түнде өткен екінші жартылай финалдық матчта Аргентина Англияны негізгі уақытта 2:1 етіп тізе бүктіріп, финалға шықты. (Төменгі суретте) АҚШ-тың Атланта қаласындағы «Mercedes-Benz Stadium» стадионында ойналған ойында бірінші болып есепті ағылшындар ашты: 55-минутта Энтони Гордон  мергендігімен танылды. Аргентиналықтар 85-минутта ғана таразы басын теңестіре алды: оны Энцо Фернандес жүзеге асырды. Ал 90+2-минутта Лионель Мессиден керемет пас алған Лаутаро Мартинес жеңіс добын соқты. Жалпы, матч бойына Аргентина басым ойнады, ол уақыттың 63 пайызында допқа егелік етті, қақпаға тура соққы жасауда артық шықты, дәл пас беруде дәлдік көрсетті, бұрыштама орындауда (6-1) көп алды тұрды. Демек, әділдік жеңді.

Енді алдағы финалдық матчқа қайта оралайық.

Осылайша жас пері Ямаль – сарабдал сардар Мессиге, Еуропа чемпионы әлем мен Оңтүстік Америка чемпионына қарсы шығады.

Испания мен Аргентина планетаның басты трофейі кімге тиесілі екенін бір-бірлерімен жекпе-жек айқас үстінде анықтайды.

Қазіргі үздік кім?

Осындай ұранды алға шығарғалы тұрған финал әлем чемпионатының ендігі қорытындысына өте дәлме-дәл келеді, себебі планетаның тап осы сәттегі екі ең үздік командасы жасыл алаң үстінде бетпе-бет ұшырасып, шынайы да талассыз шайқас арқылы осы сауалдың нақты да тура жауабын бергелі тұр.

Испания – Еуропаның іс басындағы чемпионы, Аргентина – әлемнің іс басындағы чемпионы және Америка Кубогының иегері. Бұдан бөлек, осы екі құрама ФИФА рейтингісінің алғашқы екі жоғары қатарын алып келеді: онда оңтүстікамерикалықтар бірінші тұрса, одан кейінгі орынға еуропалықтар жайғасқан.

Тағы бір дерек: 1992 жылы енгізілген рейтингінің ең басында тұрған лидерлері осы жолы бірінші рет әлем чемпионатының финалында кездеседі. Бұған қосымша тағы бір интрига: турнирдің іріктеу кезеңінде бірінші орын алған команда ешқашан чемпиондыққа қол жеткізген емес, олай болса, енді осы жолы Аргентинаның сол статистиканы бұзу үшін әрекет етуіне тура келеді.

Бұған қоса, тұңғыш рет осы жолы екі құрлықтың чемпиондары планета біріншілігінің ақтық шешуші матчында күш сынасады. Негізі, биылғы наурыз айында Испания мен Аргентина Катарда бір ойындық Финалиссиме турнирінде кездесуге тиіс болған. Алайда АҚШ пен Израильдің Иранмен арада шұғыл басталып кеткен соғысы ойынды өткіздірмей тастады. Енді бұл командалар одан да маңызы жоғары жүлде жолындағы шайқаста кездескелі отыр.

Лео мен Ламин. Месси Ямальды қалай шомылдырды?

Испаниядан кейін бір күн соңыра, Аргентина финалға шыққан бойда бұдан 19 жыл бұрын, 2007 жылы 20 жасар Лионель Мессидің әлі жасы алты айға да толмаған Ламин Ямаль есімді бөбекті легендегі суға түсіріп отырған суреті әлеуметтік желілерге тарай жөнелді. Рәсім 2008 жылғы қайырымдылық күнтізбесінде жарияланған екен.

Әлбетте, сол кезде бірі жас жігіт, екіншісі нәресте болған бұл екі адамның 19 жылдан кейін әлем чемпионатының финалында бір-біріне бәсекелес екі команда сапында алаңға шығатындарын ешкім де болжай алған жоқ-тын. Бірақ бұл шынында солай болып шықты. Бұған қоса, осы кезге дейін Ямаль мен Месси ойнайтын командалар бір-бірлерімен жол түйістіре қоймады. Ендеше, арғы күні ойналатын ойын бұлардың бірінші өзара кездесулері болады (су құйылған легенде емес, жасыл алаң үстінде).

Бұл жекпе-жектің басты интригасы тіпті де мына сурет емес. Аталмыш матч Лео үшін барынша ықтималдылығына сәйкес, соңғы әлем чемпионаты болатын шығар, ал аргентиналық футболшы ғасырдың алғашқы ширегіне жақын уақыт бүкіл футболдың символы болып келді. Ламин болса – керісінше, «Барселонадағылар» баяғыдан Мессидің мұрагері деп атайтын жаңа дәуірдің адамы. Егер шалқыма сөзді қысқартып айтсақ, алда бізді екі дәуірдің жекпе-жегі күтіп тұр.

Ямальдың жаңа рекорды

13 шілде күні Ямальдың жасы 19-ға толды. Ол бірақ тарихтағы ең жас әлем чемпионы бола алмайды – бұл атақ 1958 жылы Швецияда 17 жасында әлем чемпионатының алтын медалін алған Пелеге тиесілі. Тіпті испаниялық жас жігіт Еуропа құрлығы бойынша ең жас әлем чемпионы атағына да ілікпейді, оны 1982 жылы 18 жасында әлем біріншілігінің алтын жүлдегері атанған итальян Джузеппе Бергоми еншілеп алған.

Бірақ Ямальдың бұлардан да гөрі стастустығы жоғары – әлем мен құрлықтың чемпиондығы атақтарына қатар қол жеткізген ең жас футболшы атана алатын мүмкіндігі бар. Бұдан екі жыл алдын Испания құрамасының вингері 17-ге толғанына бір тәулік болғаннан кейін континенттің чемпиондығын жеңіп алса, қазір үш күннен кейін, дүйсенбіге қараған түні тағы бір зор трофейді алып қалуы ғажап емес. Әлі ешкімге 19 жасында әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатын қатар ұтудың орайы келген жоқ.

Де ла Фуэнте немесе Скалони: кім тарихқа енеді?

Жалпы, Испания құрамасының тапсырылымында бұдан екі жыл алдын Еуроны жеңіп алған 16 футболшы бар. Бірақ бұл жердегі ең бастысы – жаттықтырушылар штабы. Ұлттық терме жамағатты 2022 жылғы әлем чемпионатынан кейін қабылдап алған бас жаттықтырушы Луис де ла Фуэнте содан кейін, 2024 жылы континенттің бас жүлдесін олжалаған болса, енді әлем тәжіне қарай қол созуда. Егер оған осы мақсатына жетудің орайы келсе, де ла Фуэнте бұған дейін әлем чемпионаты мен Еуропаны қанжығасына байлай алған тек үшінші коуч болып қана қалады. Олардың біріншісі ГФР құрамасын сондай жеңіске жеткізген (Еуро – 1972, ӘЧ – 1974) Хельмут Шён, екіншісі испандарды сол деңгейге көтерген (ӘЧ – 2010, Еуро – 2012) Висенте дель Боске болатын.

Аргентина құрамасының бас жаттықтырушысы Лионель Скалони де тарихқа жаңа қырынан енудің қарсаңында. Ол бұған қадар екі дүркін Америка Кубогын ұтты, бір рет Финалиссиме турнирінде жеңіске жетті, ең бастысы – әлем чемпионы (2022) атанып үлгерді. Әзірге ел құрамасын екі сапар планета біріншілігінің жеңімпазы атағына жеткіздірген тек итальянның ұлы жаңалықшы жаттықтырушысы Витторио Поццо болып қалады – ол Италия ұлттық командасын 1934 және 1938 жылдары әлем чемпионы етіп берген. Басқаша айтқанда, ғасырға жуық уақыттан бері Скалонидің жеткен жетістігіне ешкім аяқ арта алмай келеді. Ол осы жолы Поццоны қуып жетсе, жалпы табыстары бойынша алдына ешкімді түсірмейді.

17 аргентиналық екі дүркін әлем чемпионы атана алады

Аргентина құрамасының құрамы соңғы төрт жылда көп өзгерген жоқ. Тапсырылымға енген 26 футболшының 17-сі бұған дейін – 2022 жылы әлем чемпионы болып үлгерген. Осыған сәйкес, жексенбіден дүйсенбіге қараған түні, яғни 20 шілдеде олар екі дүркін әлем чемпионы атана алады. Сөйтіп, екі рет әлем біріншілігін жеңіп алғандар қатарын көбейтеді, ондайлар – 20 адам. Олардың сапын негізінен бразилиялықтар мен итальяндар құрайды, бірақ арасында 1978 және 1986 жылдары ұлттық командамен бірге екі мәрте әлем чемпионы атанған жалғыз аргентиналық – Даниэль Пассарелла да бар. Ал атақты Пеле үш қадар әлем чемпионы атағына қол жеткізген жалғыз футболшы болып қала береді. Алайда осы жолы Аргентина ұтса, жақын жылдарда «футбол королінің» бұл рекордын қайталайтын(дар) шығып қалуы кәдік.

Родри үздіктер қатарына қосыла алады

Осы кезше дейін тек он адам ғана «Алтын допты», әлем чемпионатын және Еуропа чемпиондары кубогын/Чемпиондар лигасын жеңіп алған. Олардың санатында мыналар бар:

Бобби Чарльтон

Герд Мюллер

Франц Беккенбауэр

Паоло Росси

Зинедин Зидан

Ривалдо

Роналдиньо

Кака

Лионель Месси

Усман Дембеле

Көріп тұрғанымыздай, бұл тізімде бірде-бір испан футболшысы жоқ. Міне, егер енді үш күннен кейін Испания жеңіске жетсе, Родри сол саптағы бірінші испан болмақ. 30 жастағы жартылай қорғаушы 2023 жылы «Манчестер Сити» сапында Чемпиондар лигасында жеңіске жеткен, ал 2024 жылы Винисиуспен қызу тартыс үстінде «Алтын допқа» қол жеткізген. Егер енді әлем чемпионатының алтын медалін алатын болса, испан хавбегінің аты тарихта ұлылар қатарында мәңгі қалады.

Испания әлем рекордына ұмтылады

Испания құрамасы жартылай финалда Францияны 2:0 етіп ұту арқылы өзінің жеңіліссіз сериясын 37 матчқа апарды. Расында Луис де ла Фуэнтенің жасағы соңғы рет 2024 жылдың 22 наурызында Колумбиядан жолдастық кездесуде 0:1 есебімен ұтылып қалғаннан кейін ешкімге есе жібере қойған жоқ. Ұлттар лигасының алдыңғы жылғы финалында Португалиядан пенальти сериясы бойынша ұтылған Испания ойынның негізгі уақытын тең аяқтаған, сондықтан бұл жеңіліске жатпайды.

37 матч – бұл 2018-2021 жылдар аралығында осынша мәрте жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген Италия құрамасының рекордын қайталау. Енді Испания алдағы финалда жеңіске жетсе немесе матч овер-тайм мен пенальти сериясына дейін созылып жатса, «қызыл фурия» әлем рекордын жаңартады.

Кім үздік мерген атанады?

Осы чемпионатта көптеген жұлдыздардың қатысуларымен мерген шабуылшылардың бұрын-соңды болмаған фантастикалық жарысы жүріп жатыр. Қазір үшінші орын үшін талас пен финалдық кездесу алдында олардың керуені мынадай көрініске ие болып отыр:

    Ойыншылар     Құрамалар   Голдар  Пастар
  Лионель Месси   Аргентина      8     4
  Килиан Мбаппе   Франция      8     3
  Эрлинг Холанн   Норвегия      7     0
  Джуд Беллингэм   Англия      6     1
  Харри Кейн   Англия      6     1
  Усман Дембеле   Франция      5     2
  Микель Ойярсабаль   Испания      5     1

Голдардың саны тең болған жағдайда, соның ішіндегі нәтижелі пастары көп футболшыға «Алтын бутса» беріледі. Қазір бұл көрсеткіш бойынша Месси бірінші орында. Бірақ мергендер керуенін түзіп келе жатқандардың аралары тым тығыз. Сондықтан түпкілікті жеңіске жетуге теориялық жағынан осы лектің соңын ала тұрған Дембеле мен Ойярсабальда да мүмкіндік бар, бірақ бұл үшін олар ендігі қалған бір ойындарында кемінде хет-трик жасаулары керек.

Әсілі, бәрі Месси мен Мбаппенің арасында өтетін сырттай таластың барысында шешіліп қалатын шығар. Егер Килиан үшінші орын үшін шайқаста алаңға шықпай қалса немесе гол соға алмаса, онда Леоға қуып жететін ешкім бола қоймаса керек.

Сол сияқты әлем чемпионаттарының үздік мергендері арасында да бәсеке жүріп жатқанын ұмытуға болмайды. Қазір Мессиде – 21, Мбаппеде 20 гол бар.

«Алтын допты» кім алады?

Тағы бір маңызды мәселе – «Алтын доптың» иегері хақында. Бұл жердегі әңгіме бірден екі жүлде турасында болып отыр – чемпионаттың үздік ойыншысы мен France Football журналының жыл сайынғы марапаты бір адамға тапсырылады.

Таңғаларлық жайт, Месси 39 жасында да осы екі «Алтын доптың» үміткері болып отыр. Жартылай финалдан кейін аргентиналық жұлдыздың көптеген версиялар бойынша бәсі қатты артып кетті. Оның ондағы ойыны жұрттың бәрін риза етті. Егер Аргентина әлем чемпионы атанып жатса, Леоны турнирдің үздік ойыншысы деп атамау мүмкін болмай қалады. Ал чемпиондық Испания құрамасына бұйырып жатса, басқа да варианттар туындауы ықтимал. Енді көп нәрсе финалдың өзіне байланысты болады.

Сонымен, Аргентина қатарынан екінші рет әлем чемпионы атана ала ма? Жоқ, Испания араға 16 жыл салып, трофейді қайталай ма? Букмекерлік кеңселердің көпшілігі бұл ретте Испанияның кепшігін қағып жатыр. Мысалы, FONBET компаниясы Месси мен оның командасы негізгі уақытта жеңіске жетеді дегенге – 3.65 коэффициент қойса, Ямаль мен оның әріптестеріне 2.35 коэффициент белгілеген, демек, испандардың жеңіске жету мүмкіншілігін көбірек деп есептейді. Ал тең ойынға 3.05 коэффициенті ұсынылған. Сол сияқты аргентиналықтардың овер-тайм немесе пенальти сериясы арқылы ұтатындарына – 2.25, испандардың осылай түпкі қорытындыда жеңіске жететіндеріне 1.65 коэффициенті тігілген.

Қазан аузы – жоғары! Енді жексенбі күннің түнін күтейік.

Ал арғы күні, 18-інен 19-ына қараған, сенбі күні түнде, Астана уақытымен 02:00 сағатта Франция – Англия құрамалары қола медаль үшін шайқасады.

Таңбалар: әлем чемпионатыИспания - Аргентинафинал

Ұқсас мақалалар

Англия мундиал қола медалі үшін таласта Францияны ту-талақай етіп ұтты (видео)
Жаңалықтар

Англия мундиал қола медалі үшін таласта Францияны ту-талақай етіп ұтты (видео)

19.07.2026
ӘЧ-2026: Букмекерлер Франция – Испания матчының фаворитін анықтады
Жаңалықтар

ӘЧ-2026: Букмекерлер Франция – Испания матчының фаворитін анықтады

14.07.2026
Аргентинаны чемпионаттан алуды талап ету петициясына 3 млн адам қосылды
Жаңалықтар

Аргентинаны чемпионаттан алуды талап ету петициясына 3 млн адам қосылды

13.07.2026

КӨП ҚАРАЛҒАНЫ

  • Испания мен Аргентина мундиал финалында кездесіп, алтын медаль үшін күреседі (видео)

    Испания мен Аргентина мундиал финалында кездесіп, алтын медаль үшін күреседі (видео)

  • Әлемжеліде Путиннің 2026 жылғы 19 шілдеде өмірден өтетіні жайлы хабар тарады

  • Қадыров Украинаға қолдау көрсететін НАТО елдеріне соққы беруге шақырды

  • Қызылордада қоғамдық кеңес мүшелері ұсыныс-пікірлерін ортаға салды

  • ӘЧ-2026: Испания финалда Аргентинаны ұтып, екінші мәрте чемпион атанды

  • Ресей авиаотын бермек болып, бензинді Қазақстаннан сатып ала бастады

  • Кахетиде ресейлік әйелді ұрған жергілікті азамат қамауға алынды

RAST.kz

Ақпараттық-танымдық, қоғамдық-саяси, ғылыми-көпшілік порталы

Сайт Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде 23.01.2020 ж. тіркеліп, №KZ56VPY00019585 куәлігін алған.

Құрылтайшы:
«Даларус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Яндекс.Метрика

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
HTML Weather widget for website by meteolabs.kz

USD USD 469.59 ₸
EUR EUR 536.22 ₸
RUB RUB 5.96 ₸

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру

Add New Playlist