МӘСКЕУ. 27 қараша. Ресейде елге жасалған шабуылдардан зардап шеккен нысандар түсірілген фото мен видео таратқаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыра бастайды. Бұл туралы The Moscow Times ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Мемлекеттік думаға Ресей аумағына жасалған соққылардың салдары түсірілген фото және видеоларды таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заң жобалары енгізілді. Ол үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жаңа 20.3.5-бап, ал Қылмыстық кодекске 280.5-бап қосу ұсынылып отыр. Соңғысы бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Ресейліктерді соққылардың, терактілер мен диверсиялардың салдары туралы, сондай-ақ әскери техниканың орналасуы, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді өндіру және сақтау орындары туралы ақпаратты заңсыз таратқаны үшін жазалау жоспарлануда. Бұдан бөлек, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, судьяларға, тергеушілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жасалған қастандықтардың нәтижелері туралы жарияланымдарға да тыйым салынады.
Әкімшілік жауапкершілік бойынша айыппұлдар қарастырылған: азаматтарға – 30-50 мың рубль, лауазымды тұлғаларға – 100-200 мың рубль, ал ұйымдарға – 300-500 мың рубль. Құқық бұзушылықты қайталау қылмыстық іс қозғауға себеп болады. 280.5-баптың 1-бөлігі 100 мыңнан 300 мың рубльге дейін айыппұл салу, мәжбүрлі жұмыстарға тарту немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны белгілейді. Сондай-ақ сотталған адамға белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салынуы мүмкін.
Баптың екінші бөлігі бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Ол аталған мәліметтерді тарату абайсызда адам өліміне, денсаулыққа немесе мүлікке зиян келтіруге, қоғамдық тәртіпті жаппай бұзуға не тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының, көліктің, әлеуметтік инфрақұрылымның, энергетиканың, өнеркәсіп пен байланыстың жұмысында іркілістерге әкеп соққан жағдайда қолданылады.
Бастама авторлары – сенаторлар Андрей Клишас, Андрей Яцкин, Владимир Джабаров, Артем Шейкин, Владимир Кожин, Наталья Кувшинова және Сергей Пономаренко.
USD




