АЛМАТЫ. 2 маусым. Кеше Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінде көрнекті балалар жазушысы Бейсенбай Сүлейменовтің оқырмандармен кездесуі өтті. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің бастамашылық етуімен керуен керген шығармашылық ұшырасу «Балалар әдебиетінің бағбаны Бейсенбай Сүлейменов» деп аталды. Іс-шара Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылып, қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Бейсенбай Сүлейменовтің шығармашылық мұрасын насихаттауға арналды.
Бұл бір жағы биыл жасы 75-ке толғалы тұрған қарымды қаламгерге көрсетілген кезекті құрметтің бір мезетіне ұласты.
Мерекелік кездесуге көп салалы колледж студенттері, архив саласының мамандары, әдебиетсүйер қауым және зиялы қауым өкілдері қатысты. Сонымен қатар шараның құрметті қонақтарының бірі – журналист, жазушы Дәулет Сейсенұлы болды.
Кездесу барысында Бейсенбай Сүлейменов өзінің өмір жолы мен шығармашылығы туралы сыр шертіп, балалар әдебиетіне келу жолы, қаламгерлік тәжірибесі және шығармаларының тәрбиелік мәні жайында әсерлі әңгіме өрбітті. Жас оқырмандар мен студенттер жазушыға көкейдегі сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты.
Іс-шара аясында қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған архивтік құжаттар мен фотокөрме ұсынылып, әдеби оқулар ұйымдастырылды. Қатысушылар балалар әдебиетінің ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды қалыптастырудағы рөлі туралы ой бөлісті.
Аталған мәдени кездесу жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, ұлттық әдеби мұраны дәріптеуге және балалар әдебиетін насихаттауға бағытталған тағылымды шараға айналды.
USD




