17 Қазан, 04:10
RAST.kz
USD USD 452.12 ₸
EUR EUR 508.95 ₸
RUB RUB 5.41 ₸
Погода в Астане
Погода
Погода в Астане на 2 недели
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

КҮН ШАТЫРЫНА БАСТАҒАН ЖОЛ

Публицист, жазушы Бейсенбай Сүлейменовтің балалар әлемі

27 Қыркүйек 2026 08:00
- Жаңалықтар, Таным
КҮН ШАТЫРЫНА БАСТАҒАН ЖОЛ
Facebook-те бөлісу Twitter-де бөлісу

Қыркүйектің 27-сі күні белгілі балалар жазушысы, публицист, баспагер, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Бейсенбай Сүлейменов 75 жасқа толады. Жарты ғасырдан бері қаламын балаларға арнап келе жатқан жазушының жолы Мырзашөлдің мақта алқабынан басталып, Амазонка жағасы мен Африка жағалауын басып өтіп, бүгінде «Күн шатырына» жетіп отыр.

1979 жыл. Перудегі инктердің ежелгі астанасы Куско. Тас көшедегі у-шуы басылмайтын жәрмеңкеде қолына садақ ұстаған кішкентай үндіс бала бейтаныс жолаушыға қарап бар даусымен айқай салады: «Сеньор! Уно долларис!». Сөзінің растығын көрсетпек болып, садағына жебе салып, шірене тартады. Жолаушы естелікке бір садақ алады. Бала қиыла өтінген соң көңілін қимай, екіншісін де алады. Саудасы жүріп сала бергеніне қуанып кеткен бала дорбасынан үшінші садақты суырып шығарады: «Сеньор!..»

Жазушының Оңтүстік Америкадан жазған жолжазбаларындағы осы шағын көріністе оның қаламгерлік келбеті түгел көрінеді десем, артық айтқандық болмас. Бөтен елдің баласымен өз баласындай тіл табысатын мейірімі де, күлкі мен мұңды қатар ұстайтын жұмсақ әзілі де, базар саудасының арғы жағынан тарихтың салмағын аңғаратын көзі де осында жатыр. Автор оқырманына әңгіменің ортасында-ақ бір ескерту жасайды: жергілікті жұрт «темір ағаш» деп атайтын қатты ағаштан жонылған бұл садақ бір кезде үндістердің испан отаршылдарының зеңбіректері мен мылтықтарына қарсы көтерген қаруы екен. Кейін жазушының бір кітабы «Бес ғасыр атылмаған садақ» деп аталды.

Бейсенбай ағамен 2016 жылы таныстым. Ол кезде М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғалым хатшы едім. Институт балалар әдебиеті бойынша, соның ішінде мүгедектігі бар балаларға арналған әдебиет пен өнер саласында ғылыми жобаларды қолға алған тұста Бейсекең бізге ақыл-кеңесін аямады. Жарты ғасырдай балалар басылымы мен балалар кітабының ортасында жүрген адамның тәжірибесі біздің ғылымымызда әлі де аз зерттелген бұл сала үшін аса құнды болды.

Академик Уәлихан Қалижанов Бейсекең туралы: «Баланың жан дүниесі қандай болса, жетпіске келсе де, әлемге бала көзбен қарайтын бір қаламгер бар», – деп жазған еді. Бала көзбен қарау балаңдыққа жатпайды. Бала оқырман жасандылықты тез сезеді, жалған сөзді кешірмейді. Сондықтан балаларға жазу үлкендерге жазудан әлдеқайда қиын.

 «Мақталыдан» басталған жол

Жазушы 1951 жылы қазіргі Түркістан облысының Жетісай ауданында дүниеге келді. Балалық шағы өткен «Мақталы» кеңшарын ол кейін былай еске алады: «Менің санамда «Мақталы» үлкен бір әлем… көгілдір көктемнен бастап, қоңыр күздің соңғы күндеріне дейін шомылатын каналы Амазонкадан, Тынық не Атлант мұхиттарынан бірде-бір кем емес-ті». Ауыл каналын Амазонкаға теңеген бала кейін Амазонканың өз жағасына барып, балалық қиялын шындыққа айналдырды.

Бірақ бұл оқиғаның астарында ауыр тарих та бар. Жазушының үлкен  атасы Асан Сүлейменов 1938 жылы «бай-билердің тұқымы» деген жаламен атылып кеткен көксарайлық қырық екі боздақтың бірі болатын. Қуғын-сүргіннен кейін Мырзашөлге қоныс аударған әулеттің тағдырын қаламгер «Жүректегі жазылмайтын жаралар» атты эссесінде баяндайды. Сол эссеге енген бір оқиға есте қалады. Колхоз басқармасы еңбекақысын бермей, отбасын сарсаңға салған кезде он бір-он екі жасар Жолдасбек, яғни болашақ жазушының әкесі, рогаткасын шірене тартып, бастықтың кеңсесіне кіріп барады: «Егер менің Оспан әкемнің еңбекақысын бермесең, аямаймын!» Баланың өжеттігіне таң қалды ма, әлде сескенді ме, бастық ертеңіне ақысын беріп, көшуге рұқсат етіпті.

Жазушы өз балалығын да бүкпесіз жазады: «Алақандай ғана ауылда менен асқан ерке, тентек бала жоқ еді». Жазылған сөз үшін жауап беруді де ол ерте үйренген. Сегізінші сыныпта оқып жүргенде аудандық газетке тұңғыш мақаласы шығады. Онда сыныптастарының аты-жөнін түгел тізіп, күніне 110–120 келіден мақта теретіндерін мақтана жазады. Ертеңіне мектеп директоры есеп шығарса, әрқайсысы орта есеппен отыз келіден ғана теріпті. Үстерінен түскен кеңшар директоры, жазушының әкесі Жолдасбек Сүлейменов: «Онда оншақты күнде жоспарды орындайды екенбіз ғой», – деп әзілдей салады. Жас тілші кірерге тесік таппай қалады, ал сыныбы сол күннен бастап еңбекте алдына жан салмапты. Кейін аудандық газетте сын мақалалары жариялана бастағанда наразы болған кейбір басшылар райкомға шағым түсіреді. Сонда әкесі: «Баламның жұмысына араласпаймын», – деп жауап беріп, ұлына: «Жаз, тек шындықты жаз!» – деп ақыл айтыпты.

Баукеңнің сабағы

1973 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген жас маман алдымен «Жезқазған туы», кейін Жетісайдағы «Шұғыла» газеттерінде істеп, 1976 жылы республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетіне ауысты. Мұнда он үш жыл қызмет етіп, қатардағы тілшіден бас редакторлыққа дейін көтерілді. Бір сұхбатында ол Фариза Оңғарсынова, Бейбіт Қойшыбаев, Уәлихан Қалижанов сынды ұстаздарының мықты болғанын ризашылықпен еске алады.

Сол жылдардағы ең есте қалған оқиғаның бірі Бауыржан Момышұлымен кездесу болды. 1977 жылы Жеңіс күні қарсаңында редактор Фариза Оңғарсынова Баукеңнен сұхбат алуды тапсырғанда әріптестері жас тілшіні ұсыныпты: «Мінезі жұмсақ. Ақсақалдың қаһарына шыдап, тіл табыса біледі». Таңертеңнен кешке дейін созылған әңгіме қырық екі бетке түседі. Жазылғанды оқытып, тыңдаған Баукең соңғы бетті қолына алып: «Мен бұлай деп айтқан жоқпын!» – дейді де, сіріңке шағып, қағазға от қояды. «Дұрыстап жаз, түсінбейді деп ойлама!» Сөзге адал болу керегін журналист сол күні өмірлік сабақ ретінде ұғыпты.

Сол күні Баукең тағы бір сыр шертті. Шығармалары әлі тыйым астында жүрген Мағжан Жұмабаевтың өлеңін жатқа оқыды: «Мен – Күн ұлы, көзімде Күн нұры бар…» Жазушы кейін бұл ұлы ақынның өлеңін сонда алғаш рет естігенін жазады. Бұл деталь кездейсоқ емес: Күн бейнесі кейін жазушы шығармашылығының темірқазығына айналды.

Экватор арқылы өткен сапар

1979 жылы Бейсенбай Сүлейменов Перу мен Эквадорға сапар шекті. Анд тауларын, Амазонканың саласы Напо өзенін, инктер өркениетінің ескі ошақтарын аралап, Экватор белдеуін екі рет кесіп өтті. 1982 жылы Грекия, Мальта, Тунис, Испания, Канар аралдары мен Гвинея-Бисауды көрді. Осы сапарлардан «Кечуа тайпасының үндістері» (1985), «Бес ғасыр атылмаған садақ» (1992) кітаптары және Африка туралы жазбалары туды. Сол 1979 жылы ашылған «Латын Америкасы: күнгейі мен көлеңкесі» атты фотокөрмесі жеті ай бойы көрермен жинады.

Қазақ әдебиетіндегі жолжазба дәстүрі Шоқан Уәлихановтың күнделіктерінен басталып, Мұхтар Әуезовтің 1960 жылғы «Америка әсерлері» сияқты туындыларымен байыды. Бейсенбай Сүлейменов бұл дәстүрді балалар әдебиетінде жалғастырды. Ол бөтен елді сол елдің балалары арқылы көрсетеді. «Инктердің отанында», «Куско жәрмеңкесінде», «Желаяқ балалар», «Кішкентай миллионерлер» деген тараулар атауы оқырманды бірден қызықтырып әкетеді. Құрлықты сол жердің баласы арқылы тану оған жаулап алушының емес, құрдасының көзімен қарауға мүмкіндік береді.

Автор жас оқырманнан тарихтың қатал шындығын да жасырмайды. Күнге табынған инктердің дүлей апаттан құтылу үшін ақ ламаларды, кейде тіпті жас балаларды құрбандыққа шалғанын ол бүкпесіз баяндайды. Шындықты балаға лайықтап айтуға болады, бірақ оны бұрмалауға болмайды. Жазушы осы шекті жақсы сезінеді.

«Бес ғасыр атылмаған садақ» Америка құрлығының ашылғанына бес жүз жыл толған 1992 жылы жарық көрді. Колумб сапарының мерейтойы әлемнің көп елінде салтанатпен аталып жатқан шақта қазақ жазушысы кітабын отарланған халықтың атылмай қалған садағына арнады. Империядан енді ғана азат болған қазақ оқырманы бұл атаудан өз тарихының да жаңғырығын ести алатын еді. Жазушы үндістерді «туысқан халық» деп атайды. Кітаптың жиырма мың данасын автор түгелдей республика балаларына тегін таратып берді, ал келесі жылы бұл еңбегі Қазақстан Журналистер одағының сыйлығына ие болды.

Публицист Шархан Қазығұл бұл жолдың екі кезеңін дөп басып айтқан: жазушы кеңестік кезеңде басқа елдерді қазаққа таныстырса, тәуелсіздік жылдары қазақты басқаларға танытуға құлшынды. Меніңше, «Кечуа тайпасының үндістері» мен «Бес ғасыр атылмаған садақ» балалар әдебиетіндегі жолжазба жанрының үлгісі ретінде әлі де арнайы зерттеуді күтіп тұр.

Аң-құстың аузындағы шындық

Балалар әдебиетін зерттеушілер бір мәтіннің балаға да, ересекке де қатар арнала алатынын ертеден байқаған. Барбара Уолл 1991 жылы жарық көрген «The Narrator’s Voice» кітабында мұны «қос адресат» деп атайды. Бейсекеңнің ертегілері осындай мәтіндерге жатады. Аң-құстың аузына адам туралы ащы шындықты салу қазақ әдебиетінде Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалынан» таныс тәсіл. Жазушы осы тәсілді бүгінгі балаға түсінікті тілмен жалғастырады.

«Горилла-адам» ертегісінде жүз жылда бір өтетін Ұлы жиынға жиналған аң-құстар «адам маймылдан жаралған» деген тұжырымның орындалмай жатқанына наразы болып, тәжірибені өздері жасауға бел буады. Кішкентай гориллаға Гор-Би деп ат қойып, оны адам етіп тәрбиелемек болады. Қасқыр қайсарлыққа, арыстан айбатқа, қабылан ептілікке, піл төзімділікке, керік алысқа қарап, болашақты болжауға баулиды. Маған бұл ертегі Редьярд Киплингтің Маугли хикаясының керісінше оқылған нұсқасындай көрінеді. Киплингтің кейіпкері аңдар арасында өсіп, ақыры адамдарға оралса, Бейсекеңнің кейіпкері адам болуға тәрбиеленіп барып, адамдар арасын көргеннен кейін бұл жолдан бас тартады.

Ауыл балаларымен баскетбол ойнағанда Гор-Бидің дарыны өзіне қарсы жұмсалады. Бүкіл алаң бір балаға жабылады, өз командаласы шалып құлатады. Халық айтпақшы, «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ». Содан кейін кейіпкердің ащы монологы естіледі. Ол адамдардың өкпесін түтінмен улайтынына, у қосылған «тентек су» ішетініне, өтірік айтып, өз өтірігіне өзі сенетініне таң қалады: «Жолдасын жолда тастап кетуге де бар. Адам баласы үшін бұдан асқан қатыгездік бар ма? Бұның бәрі Джунгли заңына да, Дала заңына да қарсы».

Горилла ата «Сабыр түбі – сары алтын», «Асықпаған арбамен қоянға жетіпті» деп үйретеді, бала да үлкендердің аузынан естіген «Қасқыр да бөлтірігін жолда тастамайды» деген сөзді еске салады. Ну орманның ортасында қазақ даласының мақал-мәтелдері сөйлей бастайды. Ертегі ақыл айтумен бітпейді. «Адам болғым келмейді!» деп айқайлаған Гор-Бидің соңынан ұялы телефондарға хабарлама келеді: «Жан баласы аяқ баспаған жерлердің бірінде орангутангтар құпия тәжірибе бастапты…»

«Туған күніңмен, Айтұмсық!» ертегісінің әуені мүлде басқа, жып-жылы. Хайуанаттар бағында мүйізтұмсық үлбіреген көгілдір төл әкеледі. Оның тұмсығының ұшындағы нүктедей қара дақ күн түскенде кемпірқосақтай құлпырады. Жазушы экзотикалық жануарлардың арасына қазақтың салт-дәстүрін әкеліп қояды. Жаңа туған төлді «бәдіктің тілі, сұғанақтың көзі өтпесін» деп жан баласына көрсетпейді. Сауысқан шатырдың саңылауынан сығалап, «бауы берік болсын!» айтып үлгереді. Ана мүйізтұмсық Ай сәулесіне маужырап, баласын жарты айдай тұмсығына отырғызып, Саваннаның бесік жырын айтып тұрғанда кішкентай керік: «Оның есімі енді Айтұмсық болады!» – деп ат қояды.

Жазушы тілі жаңа шыққан төлдердің былдырын да дәл береді. «Ту-ту, ту-ған күнімізді тойлайтын болайық», – дейді піл баласы. «Той бәрімізге де же-те-ді-і», – дейді бөлтірік. Африканы да, Американы да сағынған әр құрлықтың төлдері бір түнде бір ауылдың баласындай ұйысып шыға келеді. Ең соңында торғайдың балапаны: «Туған күнді қазақтар сияқты дүйсенбіден бастай берейік», – деп ұсыныс айтқанда, ересек оқырман да езу тартпай тұра алмайды.

Күн шатырына қарай

Бейсекеңнің кітаптарын қатар қойып оқығанда, Күн бейнесінің қайта-қайта оралатынын байқайсыз. Баукеңнің үйінде естіген Мағжанның «Күн ұлы», «Күнге табынған инктер еліне жасалған сапар», 2010 жылы мемлекеттік тапсырыспен шыққан «Күннен келген адам» кітабы осы қатарға тізіледі. Жазушы балаларға арнап былай деп жазады:

Сенің Қазақстан деген Отаның бар,

Ол – Алтын бесігің!

Бұл елде Қазақ деген халық тұрады –

Күннен келген,

Жасампаздығы табиғатына жарасқан.

Сен сол Ұлы халықтың ұрпағысың!

2021 жылы екі повестен тұратын «Хан шатырдан – Күн шатырға саяхат!» ертегі-романы жарық көрді. Сыншы Ерқанат Қуатбекұлы әдеби жыл қорытындысына арналған шолуында бұл туындыны фэнтези жанрында жазылған еңбек ретінде атап өтті. Роман жазушы шығармашылығындағы жаңа жанрлық ізденісті көрсетеді. Оны қазақ балалар әдебиетіндегі фэнтезидің қалыптасу жолымен қатар қарастыру әдебиеттанушылардың алдағы міндеті деп білемін.

Жазушының әңгімелері Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан шыққан «Независимый Казахстан: антология современной литературы» үш томдығына енді. «Горилла-адам» мен «Туған күніңмен, Айтұмсық!» ертегілері қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жеке кітапша болып басылды.

Азаматтың үні

Бейсенбай Сүлейменовтің публицистикасы азаматтық ұстанымымен ерекшеленеді. «Желтоқсанның ызғарлы күндері» естелігінде жазылғандай, 1986 жылғы оқиғадан кейін редакциядағы партия жиналысында Мейірхан Ақдәулетовті партия қатарынан сырттай шығарылғанын, енді сол шешімді қолдауды сұрайды. Ауданнан келген өкіл оған кезінде кепілдеме бергендерді де партия қатарынан шығаруды ұсынады. Кепілдеме берушілер Фариза Оңғарсынова мен Бейсенбай Сүлейменов еді. Ұсыныс ұжымның табандылығымен өтпей қалады. Жазушы кейін Мейірханды ертіп, аудандық, қалалық парткомиссияларға талай барып, арашалауға тырысқан.

Тоқсаныншы жылдардың басында «Газет» баспасына басшылық етіп жүргенде ол Хасен Қожа-Ахметтің «Желтоқсан» газетін ақ офсет қағазға мол таралыммен басып береді. Естелікке қарағанда, оған дейін газетті басуға баспаханалардың бәрі қорқып, маңына жолатпаған. Егемендіктің алғашқы жылдарында жаңадан ашылған қазақ басылымдарының қаз тұрып кетуіне де қолұшын созды. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге арналған мақалалар циклы үшін 2009 жылы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығын алды.

Соңғы жылдары жазылған естелік-эсселерінің де өзіндік салмағы бар. «Бауыржан Момышұлымен болған екі кездесу», «Дала академигі», сатирик Садықбек Адамбеков туралы «Жалғыз келіп дүниеге, жалғыз кеткен көкем-ай!» эсселерінде ол белгілі тұлғаларды күнделікті тірлігімен, мінезімен, әзілімен көрсетеді. Троллейбуста сұлу қыздарға қызыл алма сыйлап, жүзі бал-бұл жанған Садықбек ағаның жол жүрерде өзін жерлеуге қажетті қаржы мен сенімхатты төс қалтасына салып жүргенін оқығанда, көңіл босайды. Жетімдіктің дәмін татқан жазушының «Ешкімге салмақ салғым келмейді» деген бір ауыз сөзінің астында тұтас бір тағдыр жатыр. «Дала академигі» эссесіндегі «Бұл – әкем Жолдасбек Сүлейменовтің…» деп басталатын қайталама сөйлемдер мәтінге дастандай ырғақ береді.

Бейсенбай Сүлейменов еліміздегі алғашқы жекеменшік баспагерлердің бірі ретінде «Әл-Фараби», «Құс жолы», «Әдебиет әлемі» баспаларын басқарып, көптеген әдеби, тарихи, танымдық кітаптың жарық көруіне ұйытқы болды. Өз кітаптарын балаларға тегін тарату оның дағдысына айналған. «Бес ғасыр атылмаған садақтан» басталған бұл игі іс Астана, Алматы, Шымкент, Талдықорған қалаларында, Жетісай мен Мақтаарал аудандарында жалғасып келеді. Соңғы жылдардағы кітаптарын ол меценаттардың қолдауымен, кейбірін өзі шығарып, мыңдаған данасын мектептер мен кітапханаларға тапсырды.

Жазушы 2020 жылы Мемлекет басшысына хат жолдап, еліміздегі балалар мен жеткіншектер прблемасын көтереді. Орын алған кемшіліктерді жеңу үшін ең алдымен кітап оқу керектігін баса айтады. Алдағы жылдардың бірін «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялауды ұсынады. 2021 жыл елімізде «Балалар әдебиеті жылы», 2022 жыл «Балалар жылы» болып жарияланды. Екінші хатында ол жаңа бағыттағы балалар әдебиетін жасау және балалар жазушысының мәртебесін көтеру мәселесін көтерді. Соңғы жылдары Алматыдағы С.Бегалин атындағы Мемлекеттік балалар кітапханасында және Ш.Уәлиханов атындағы №12 гимназияда «Жазушы шеберлігі мен журналистік өнер» тақырыбында тегін шеберлік сабақтарын өткізіп жүрді.

Бірде шәкірттерімен бірге 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы Бауыржан Момышұлы ескерткішінің алдында «Ерлік сабағын» өткізіп, келген балалардың бәріне, тіпті жай тамашалап тұрған жеткіншектерге де кітаптарын сыйлапты. Кезінде Баукеңнің үстелі басында сегіз сағат отырып, жазған бір бетін отқа жаққызған жас тілші араға қырық жылдан астам уақыт салып, батыр ескерткішінің алдында балаларға сол кісі туралы әңгімелеп тұрды.

Жазушы жеткіншектерге арнаған барлық кітабын «Бейбітшіліктің мәңгілік тірегі – әлем балаларына арнаймын!» деген сөзбен ашады. Куско жәрмеңкесінен алған садағы әлі атылған жоқ. Оның жебесі ешкімге кезелмейді, балаларға айтылар ақ сөз болып қала береді.

Жетпіс бес жас – ойы толысқан, кемел шақ. Бала көңілін сақтаған жүрек қартаймайды деуші еді. Бейсекеңнің Күн шатырына бастаған сапары әлі талай белеске жалғаса берсін!

Ертай СҰЛТАН,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми және инновациялар жөніндегі проректоры, әдебиеттанушы, PhD докторы

Таңбалар: балалар әлеміБейсенбай Сүлейменовжазушы

Ұқсас мақалалар

Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ: Сүйем мен сені, сүйем мен сені, көкірегі ыстық дүние!
Жаңалықтар

Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ: Сүйем мен сені, сүйем мен сені, көкірегі ыстық дүние!

16.10.2026
Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ: Сүйем мен сені, сүйем мен сені, көкірегі ыстық дүние!
Жаңалықтар

Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ: Сүйем мен сені, сүйем мен сені, көкірегі ыстық дүние!

20.09.2026
ЖАС ЖҮСІПБЕК
Жаңалықтар

ЖАС ЖҮСІПБЕК

28.08.2026

КӨП ҚАРАЛҒАНЫ

  • Қызылордада ағза донорлығы мен трансплатация жөнінде іс-шара өткізілді

    Қызылордада ағза донорлығы мен трансплатация жөнінде іс-шара өткізілді

  • Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ: Сүйем мен сені, сүйем мен сені, көкірегі ыстық дүние!

  • Зеленський дизель жөнінде Путинді тыңдауды ұсынған Трампқа қатты айтты

  • Ердоған 2028 жылы өтетін Түркия президентін сайлауға қатысады

  • Президент барлық деңгейдегі мәслихаттар өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты

  • Зеленський Трамптың сөзіне еріп, Украинаны жауға бере салуға ықтияр емес

  • Берлиннің төрінде Сыр өңірі өнерінің хас шеберлері өнер көрсетті

RAST.kz

Ақпараттық-танымдық, қоғамдық-саяси, ғылыми-көпшілік порталы

Сайт Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде 23.01.2020 ж. тіркеліп, №KZ56VPY00019585 куәлігін алған.

Құрылтайшы:
«Даларус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Яндекс.Метрика

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
HTML Weather widget for website by meteolabs.kz

USD USD 452.12 ₸
EUR EUR 508.95 ₸
RUB RUB 5.41 ₸

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру

Add New Playlist