АСТАНА. 14 тамыз. Қазақстанда арандатушылық видеолар түсірген ресейлік блогер қызға айыппұл салынып, өзі елден шығарып жіберілді. Бұл туралы «Настоящее Время» ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Қазақстанда «әлеуметтік желіде арандатушылық және қисынсыз сөздер таратқан ресейлік 25 жастағы блогер қыз Ксения Гузаеваға (желідегі тахаллусы – Fasoollka – ред.) айыппұл салынып, елден шығарып жіберілді», – делінген Астана полициясының хабарламасында.
Ресейлік қыз бұған қоса, енді бес жылға дейін Қазақстан территориясына кіре алмайды. Ал келе қалса, бірден үстінен қылмыстық іс қозғалады.
Полиция блогердің мәлімдемелерінде құқық бұзушылық барын әлеуметтік желіде мониторинг жасау кезінде байқағандарын атап көрсеткен.
«Азаттық Азия» Гузаеваның Астана тұрғындарын «вигвамдарда тұрып, ат мініп жүрулері керек» деп айтқанын жазады. Тағы бір эфирде ол орыс тілін білмейтін қазақстандықтарды «сасық» дегені де келтіріледі. Кейінірек блогер «ретсіз қалжың айтқанын» мойындап, жұрттан кешірім сұраған екен. Ол қазақтың тамағына да біраз шүйліккен.
Бұдан бөлек, Гузаеваның «Павлодар – біздікі» (яғни Ресейдікі) дегені де әлеуметтік желіде талқыланып жатыр.
USD




