Қарауындағылардың жемқорлығы үшін бірінші басшы жауап береді
НҰР-СҰЛТАН. 8 сәуір. Қарамағындағылардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін бірінші басшылардың жауапкершілігі күшейтілетін болады. Бұл туралы елорда қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
«Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы республикалық ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі Ырза Тұрсынзада, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов және «Астана-адалдық алаңы» жобасы басшысының міндетін атқарушы, қалалық мәслихат депутаты Бақдәулет Жанділдаев Есіл және Сарыарқа аудандары әкімдіктерінің басшылары мен қызметкерлері үшін кездесулер өткізді», – делінген хабарламада.
Ырза Тұрсынзада штабтың республика ауқымындағы жұмысы және қоғамда парасаттылық идеологиясын ілгерілету жөніндегі жаңа бастамалар туралы айтып, барлығын қызметтік міндеттерін жүзеге асыру кезінде этикалық нормаларды қатаң сақтауға шақырды.
Өз сөзінде Бақытжан Ниязов сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгерістер және агенттік жұмысының басым бағыттары, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізудің маңыздылығы және қарамағындағылардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін бірінші басшылардың жауапкершілігін күшейту туралы айтып берді.
Сондай-ақ, пара беру және парақорлыққа делдал болу үшін жауапкершілікті күшейтетін қабылданған нормалар туралы айтты.
Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құзыретін бекітетін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізілді.
Жалпы, қатысушылар сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бойынша өзекті мәселелерді және тиімді шешу жолдарын талқылап, қызықтырған сұрақтарға жауап берді.