АЛМАТЫ. 25 маусым. Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен оның әйелі Лейла Храпунованың мемлекетке келтірген зияндары 80 миллиард теңгеден асқаны аян болды. Бұл туралы ozgeris.info ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Виктор Вячеславович Храпунов 1997 жылдың 17 маусымынан 2004 жылдың 9 желтоқсанына дейінгі аралықта Алматы қаласының әкімі болды. Осы кездегі жемқорлық әрекеттеріне қарап, оған «Хапунов» деген текті жапсыра салуға болады.
Сол Виктор Храпуновқа қатысты сот үкімінің шыққанына сегіз жылға жуықтады. Алайда тәркіленген мүлікке қатысты даудың дабыры әлі басылған жоқ. Биылғы ақпан айында қалалық сот тартып алынған жер телімін қайтармақ болған компанияның шағымын қанағаттандырмады. Бұл іс Қазақстан тарихындағы ең ірі жемқорлық процестерінің бірі саналады.
Қылмыстық сызба 1997 жылы басталған. Қала тізгінін ұстаған Виктор Храпунов 1998 жылы өзімен некеге тұратын «Viled» компаниялар тобының егесі, «Алматы экономикалық университеті» мемлекеттік емес, коммерциялық емес мекемесінің құрылтайшысы Лейла Бекетовамен (кейін – Храпунова) бірге ұйымдасқан топ құрады. Құрамында шенеуніктер мен туыстары бар топ мемлекет мүлкін туысқандары басқаратын компанияларға өткізіп отырған. Ал түскен ақшаларды жедел шетел асырып, заңдастырып тұрған.
Алғашқы ірі нысан Таулы қырат көшесіндегі әкімдік резиденциясы болды. Ондағы 9 гектардан астам жер шетелдік компанияға берілді. Кейін аумақ бөлшектеліп сатылып кеткен. Отбасы бұл келісімнен 1 миллиард теңгеден астам заңсыз пайда көрді.
Назарбаев даңғылындағы бұрынғы балабақшаның тағдыры да осылай шешілді. Ғимарат небәрі 52 миллион теңгеге сатылды. Ал нысанның нақты нарықтағы құны 288 миллион теңгеден асатын еді.
«Самал» ықшам ауданындағы құнды жер телімдері «мемлекет мұқтаждығы үшін» деген желеумен заңды иелерінен тартып алынды. Кейін бұл жер Лейла Храпуноваға 15 миллион теңгеге сатыла салды. Нақты бағасы 600 миллион теңгеден асатын.
Бұрынғы әкім тікелей пара алудан да тайынбаған. Құрылыс жүргізуге рұқсат бергені үшін бір компания оның әйеліне элиталық кеңселерді сыйға тартады. Бұл жылжымайтын мүлік тез арада сатылып, түскен 4 миллион доллар қызының Швейцариядағы есепшотына аударылған.
Тарихи ескерткіш те жекеменшікке өтіп кеткен. Сыртқы істер министрлігінің қабылдау үйі заңсыз жекешелендіріліп, 10 миллион теңгеге сатылды. Бірнеше жылдан соң бірегей нысан 1,5 миллиард теңгеге жуық сомаға қайта сатылған. Зайырлы заң Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің емханасын да аман алып қала алмады. Ғимарат таныс компанияға 19 миллион теңгеге берілді.
Отбасы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды да жаппай сатып алды. Әкімнің туыстары Медеу табиғи паркіндегі жерлерді және термалды бұлақтары бар учаскелерді иемденді. Сайран көлінің маңындағы аумақ 7 миллион теңгеге сатып алынып, бірнеше аптадан соң 270 миллионға сатылды. Тез тамақтану орнын салуға 2,5 миллионға берілген жерді қала билігі жол айрығын салу үшін 201 миллион теңгеге қайта сатып алуға мәжбүр болды.
Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 250 миллион доллардан немесе 80 миллиард теңгеден асты. 2018 жылы сот Виктор Храпуновты сырттай 17 жылға бас бостандығынан айырды. Оның жұбайы 14 жылға сотталды. Сот заңсыз табылған барлық мүлікті тәркілеуге үкім шығарды.
Храпуновтар отбасы Қазақстаннан баяғыда кетіп қалған. Қазір олар Швейцарияда саяси босқын мәртебесінде өмір сүріп жатыр және көзге ұрып көрініп тұрса да, өз кінәларын мойындамайды.
USD




