Өткенде Ыстамбұлдың әуежайында ұшаққа отырғызуды күтіп тұрғам. Залда кісі көп, әркім өзімен-өзі, – біреу ұйықтап, біреу бәсең дауыспен әңгімелесіп дегендей – отыр. Үстімде – сұр пиджак, бір қолымда – ноутбук салған сөмкім, екінші қолымда – телефон, фб-дан бірдеңе оқып тұрғам.
Тыныштықты артымнан келіп, маған өзге тілде сөйлеген ер адамның қаттырақ шыққан даусы бұзды. Бұрылып қарадым, орта жастан біраз асыңқыраған қазақ кісі екен. Рейске қатысты бірдеңе сұрап тұр.
«Түсінген жоқпын» дедім. «Бәлкім, қазақша айтарсыз» деген сыңаймен жүзіне үңілдім. «Естімей қалды» деп ойлады ма, сұрағын өзге тілде тағы қайталады.
Бетіне тіке қарап, «дым түсінген жоқпын» деп шегелеп тұрып жауап бердім. Миына қазақша сұрамаса, жауап бермейтінім енді жеткен болуы керек, «ах, вот так да» деді, даусында таңданыс пен ызаның лебі анық сезіліп тұр.
Жауап бермей, назарымды қайтадан телефоныма аудардым. Жақын жерде отырғандардың бәрі бізді естіді, бір қазақ келіншек орнынан лезде атып тұрып, анаған менен ала алмаған жауабын өзге тілде беріп жатты. Не деймін, екеуі бірге бақытты болсын деуден басқа айтарым жоқ.
Мен үшін жалпы бұл – үйреншікті жағдай, 7 жылдан бері ай сайын шетелге ұшатын болғандықтан, әуежайларда мұндайлардың мыңын көргенмін. Иә, бастапқы жылдары «қазақсың ғой, неге өз тіліңде сөйлемейсің» деп түсіндіруге тырысатынмын, қазір сөз шығындауға ешқандай зауқым жоқ. Қайбір бірден түсініп келісе салады дейсің, көбі дұрыс қабылдамайды. Сондықтан қазір «түсінбедім» деп бір қайырам, – болды.
Бір уақытта әуежай қызметкері келіп, шетте тұрған адамдардан бастап, ағылшынша бірдеңе сұрап жатты.
Маған келді, ұшаққа билет көбірек сатылып кеткендіктен, билетін ауыстырып, Ыстамбұлда бір күн қалуға келісетін адам іздеп жүр екен, жол, отель бәрін өздері төлейді. Бас тарттым.
Менен кейін ана кісіге барды, бірақ қазақша сөйлемейтін «интеллигент» көкем ағылшынша да білмейді екен, бағанағы көмектескіш келіншек те бұл жолы оған көмегін ұсына алмады.
Өткенде бір кісі маған: «Ареке, осы сен орысша жақсы сөйлейсің ғой, орыстармен сөйлескенде, артық болмаса кем сөйлемейсің, бірақ неге қазақтарға байланасың?» деді.
Себебін былай түсіндірдім. Мен тарихты жақсы көрем. Қазақ тілі деген не? Ол соңғы 500 жыл бойы қазақ деген ұлт, ал оның аржағында түркілер сөйлеген өте бай тіл. Осы ұлан-ғайыр жерімізді қорғап қалған батыр аталарымыз сөйлеген тіл. Мұндай ана тілің барда өзге тілде сөйлеу, ең жұмсартып айтқанда, надан, қараңғы адамның тірлігі емес пе?
20 жылдан астам шетелдік компанияларда неше түрлі ұлтпен жасап келем, өзара басқа тілде сөйлесетін қазақтан басқа ұлт көрген жоқпын.
«Солай, байланатын себебім осы» дедім, түсінгендей болды.
Күйінесің. Қатты күйінесің. Сосын түннің бір уағында осындай амалсыз постар жазасың.
Арман РАХМЕТ
USD




