ҚЫЗЫЛОРДА. 13 тамыз. Бүгін түнде Қызылорда қаласының орталық алаңында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне арналған жастар онкүндігінің қорытынды шарасы өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Онкүндік «Жастармен бірге!» атты ауқымды Open Air форматындағы мерекелік концертпен түйінделді.
Ашық аспан астында шалқыған мерекелік кешке 12 мыңнан астам қала тұрғыны мен жастар жиналды.
Шараға облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай қатысып, өңір жастарын атаулы күнмен құттықтады.
«Жастар – елдің ертеңін күтетін буын ғана емес, бүгінгі қоғамның қозғаушы күші. Мереке қарсаңында соңғы он күн ішінде өңірімізде жастардың білімін жетілдіруге, шығармашылық қабілетін шыңдауға, қоғамдық белсенділігін арттыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл – жастар саясатының бір күндік науқаны емес, жүйелі әрі тұрақты бағыт екенін көрсетеді. Сыр жастары қай кезде де елдік бастамалардың бел ортасынан табылып келеді», – деді ол.
Жастар мерекесіне арналған онкүндік аясында өңір жастарының басын қосқан қоғамдық, мәдени, спорттық, шығармашылық және танымдық бағыттағы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Басты назар жастардың белсенділігін арттыруға, азаматтық жауапкершілігін нығайтуға және олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталды.
Сонымен қатар, «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарын насихаттауға арналған мазмұнды кездесулер мен түрлі акциялар, интеллектуалдық ойындар, пікірталас алаңдары және шығармашылық жобалар өткізілді.
Аталған бастамалар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, жаңа идеялары мен бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік берді.
Кеш барысында жергілікті өнерпаздармен қатар, қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары Mynbay, Қайрат Түнтеков және Досбол Нұрылла өнер көрсетіп, көпшілікке танымал әндерін орындады. Танымал орындаушылардың өнері мерекелік кештің ажарын ашып, жастарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Осылайша, Халықаралық жастар күніне арналған онкүндік Қызылордадағы ауқымды «Жастармен бірге!» Open Air концертімен қорытындыланып, жас буынның жалынды үні мен шығармашылық қуатын, белсенділігі мен көтеріңкі көңіл күйін тоғыстырған жарқын мерекеге айналды.

USD




