ЛОС-АНДЖЕЛЕС. 11 шілде. АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласының «SoFi Stadium» стадионында Бельгия құрамасымен 1/4 финалдық ойын өткізген Испания футболшылары соңғы минуттарда жеңіс добын соғып, жартылай финалға шықты. Бұл туралы «Спорт-Экспресс» ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Түн ортасы ауа ойналған кездесуде испандарды тағы Микель Мерино құтқарып қалды. Оның 88-минутта салған голы өз командасына негізгі уақатты жеңіске жетуге мүмкіндік алып берді.
Жалпы, Испания құрамасы қарсыластарына қарағанда, әлдеқайда әлеуетті ойнады. Мұны олардың уақыттың 67 пайызында допты өз уыстарында ұстағандары да, қақпа қарата соққан соққылары мен берген бұрыштамалары сандарының едәуір айқын айғақтап бере алады.
Матчтағы есепті де испандар ашты. Ойынның 30-минутында Фабиан Рус бельгиялықтар қақпасынан саңылау таба алды. Алайда бұдан кейін оларға табысты өрбітудің орайы келмеді. Есесіне, кезекті қауіпті шабуылдарының бірінде «қызыл фериялар» (бірақ бұл жолы олар ақ жейдемен ойнады) жауап доп соғып кетті. Оны өткен ойында да мергендігімен көзге түскен Шарль де Кетеларе өз есебіне жазды. Есеп – 1:1!
Бельгиялықтар екінші таймды екпінді бастады. Шамасы, Руди Гарсияның ішкі жоспары да осылай құрылса керек, бәлки, қарымта доп оларды емексітіп те қойған болуы мүмкін. Сол кезде Жереми Доку да өз шеберлігін көрсетуге жанын салып бақты. Осылай ойын екі жақты қыза түсті. Соның бір сәтінде бельгиялық қақпашы Тибо Куртуа күтпеген жерден жарақат алып, ойыннан шығып қалды.
Матчтың соңғы жағы тағы да испандардың қауырт шабуылдарына көмілді. Овер-таймға кезек келетініне еш күмән қалмағандай шамада Микель Мерино тағы да «құтқарушының» міндетін атқарып, матчтағы соңғы нүктені қойып үлгерді – 2:1!
Осымен 15 шілде күні Астана уақытымен 00:00-де басталатын бірінші жартылай финалда Франция мен Испанияның шайқасатыны белгілі болып қалды.
Ал бүгін, 12 шілдеге қараған түні 1/4 финалдың қалған екі ойыны Норвегия –Англия және Аргентина – Швейцария құрамалары араларында ойналады. Онда жеңіске жеткендер екінші жартылай финалдық жұпты құрап, 16 шілде күні сағат 00:00-де өзара кездеседі.
USD




