Тегінде, біздің Гүлнәр қыз, қазақтың талантты ақыны Гүлнәр Салықбаева екі аяқты, жұмыр басты пенделерге жыр арнай бермейді. Өзгеше өрнектелген поэзиясында өмірдің құбылыстары мен көңілдің бұрылыстарын тілге тиек еткені болмаса, адам аттарын өлеңіне көп жолата қоймайды. Соған қарамастан, кейде оның жазбаларынан Ғазиза мен Зейпіннің есімдерін ұшырастырып қаламыз. Ғазиза Байсейітова, Зейпін Қазанбаева… Бірі Оңтүстіктің бойжеткені, екіншісі Жезқазғанның қызы. Сонау студент кезімізде үшеуі үнемі бірге жүретін. Әлі күнге дейін олардың байланысы берік. Бірде Гүлнәр табиғаттың тамаша сәтіндегі көтеріңкі көңіл-күйді «Алматыға Зейпін келе жатқандай!», – деп тербеткені есімізде. Ал ол Ғазизаға тұтас бір өлең арнапты:
Жайлауымды жаман ойлар кезбесе,
Күзі келіп, жапырағы солғасын.
Күн де бүгін жарқырап тұр өзгеше
Ғазизаның туған күні болғасын!
Сексен бірден келе жатқан Серігім,
Жақсылықтың отанындай Жолдасым!
Бүгін тойға шақырып тұр мені Күн,
Ғазизаның туған күні болғасын!
Аспанменен теңесетін бағасы,
Кездессе де сүрінбеген жолда сын.
Бүгін Өмір сүп-сүйкімді, қарашы,
Ғазизаның туған күні болғасын!
Ғазиза Байсейітова – біздің қадірлі курстасымыз. Артық-ауыс мінезі жоқ, төңірегіне сыйлы, жайлы жан. Айналасына сырын шашпай, ішкі әлемін ашпай, әдеп сақтап жүріп, оқу бітірді. Әйел заты болып өсек-аяңға мән бергенін, біреу-міреумен сөзге келгенін байқамаппыз. Қасындағылардан қамқорлығын аямайды. Жақсылығымен ғана жадымызда қалды. Ел жақта қызмет істеді. Ешкімге салмағын салған емес. Әлі күнге дейін сол қарапайым әрі жайдары қалпы. Гүлнәрдің кейіпкері өзінің ойлы образдары секілді ешқашан биігінен төмендеген жоқ. Жалпы, университетте өңкей бір тәуір бойжеткендермен бірге оқыппыз ғой…
Бүгін осы Ғазиза қыз жан баласына білдірмей жайлап жылжып отырып, әрі мерейлі әрі әйбат, әдемі бір жасқа кеп қапты. Қалашықтың біраз ботатірсек бозбалалары «Ғазиза, Ғазизажан, Ғазиза қыз», – деп әндеткен жылдардың қаншама кезеңге алыстап кеткенін көрмейсің бе? Туған күнің құтты болсын, Ғазиза! Әрдайым аман жүр!
* * *
Ал енді мынау сол баяғы сыны бұзылмаған, сыры кетпеген үштік әлі күнге дейін тату. Зейпін, Ғазиза, Гүлнәр… Сол Алматы. Сол ғимарат. Сол қыздар…
Алматыға Зейпін келе жатқандай көтеріңкі көңіл-күй… «Бүгін Өмір сүп-сүйкімді, қарашы, Ғазизаның туған күні болғасын!».
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
2024 жыл
«Шағала» жинағынан
USD




