Қолыңа қалам алсайшы дейді Тұрсыным…
(Шаһизада Әбдікәрімов)
Сыр бойында қолы берекелі ханымдар көп. Іскерлігі бірінен-бірі өтеді. Соның бірі – «Қоғам ТV» телеарнасының басшысы Тұрсынкүл Желдербаева. Атақты «Ақ босағаның» авторы Сәнімкүл Желдербаевадан кейінгі жігерлі Желдербаева осы кісі. Келісті келіншек. Ардақты ана. Әдемі әже. Тағы бір аса ауыр міндеті бар. Ақынның жары. Жай ақын емес, бір орнында тыпыршып тұрмайтын, анда-санда Ақмешіттен қашқан Алабай секілді шығандап кетіп, шарықтап ұшып, құлдилап қонатын, қонып болған соң да қолы-аяққа тұрмай біраз жүріп алатын арынды ақын. «Қолыңа қалам алсайшы дейді Тұрсыным, Үш балам жетім қалмай ма?», – деп әр өлең жазған сайын бәлсініп-бұлданып, таусылып-тұлданып болатын шатақ шайыр. Сол шақар шайырға Шахановша ширығып жыр арнасақ, былай боп түзілер еді:
Көркем сөз бен көсемсөздің,
баспасөз бен басқа сөздің тарихына енгейсіз,
Тарихқа енбей, жолдағы бар кедергіні жеңбейсіз.
Қанша тілек айтсақ-тағы көз жеткізбей сенбейсіз.
Қайда сапар шексеңіз де жүре алмайсыз жеңгейсіз…
Қайырмасы:
Туған жері – Қармақшы,
Қармақшыға бармақшы.
Берсе егер дауысын,
Жинап-жинап алмақшы…
Бір сағат сөйлесе, бүкіл ауылды көшіріп жіберетін осындай мазасыз ақынның бабын тауып, шуақты шаңырағын бақыттың бақшасына айналдырған Тұрсын жеңешемді осал дей аламыз ба? Әрине, жоқ. Отыз жылдан астам уақыт аралас-құралас болған кезде бұған көзіміз жетті. Ең алғаш рет Шәкеңнің Байқоңырдағы пәтеріне түн ортасына бас сұқтық. Обал-сауапты білмейтін жастау кезіміз. Қасымда біздің «Жас алашқа» қызметке ауысып жатқан, Шәкеңнің бұрынғы жұмыстасы, байырғы журналист Қайрат Иса бар. Менің жеңімнен тартып жетектеп, өзім өмірі кіріп көрмеген үйге баса-көктеп еріксіз ертіп келген де сол. Ақын да, ақынның жары да қыңқ еткен жоқ. Құдды бір күн сайын түн ортасында қонақ күтіп жүргендей, еш қиналыс танытпады. Өздері ұйқылы-ояу екенін қарамастан, үйлеріне Қыдыр келгендей көңілді отыр. Сірә, шақар шайыр таңды таңға ұрып, серуен салып, кез-келген сәтте мезгілсіз мейман шақыра беретін дәстүріне жеңгейді әбден дағдыландырған болса керек. Шәкеңнің өзі аядай екі бөлмелі пәтердің бір бөлмесінде шырт ұйқыда жатқан үш перзентін сол сұлаған күйінде көтеріп, қолайлы жерге көшіріп қойды.
Содан бері іргеміз ажыраған жоқ. Кейінірек біз Қызылордаға қызметке келдік. Шаһиза шайыр Байқоңырдан Ақмешітке ауысты. Қала телекомпаниясының басшылығына бекітілді. Сол басқарғаннан мол басқарды. Бертінде ағамыздың халық қалаулысы болуға көңілі ауған соң, «Қоғам TV» жеңгейдің қолына өтті.
Талай жыл түрік жұртында демалуға бірге бардық. Телегей теңіздің жағасында отырып, сағаттап сыр ақтардық. Арқалы ақынды осы уақытқа дейін от пен суға түсіріп алмай, аман-есен алып келе жатқан жеңгейдің сабыры мен салмақтылығына тәнті болдық. Көз алдындағыны аңғармай, сүрініп-сүрнігіп бітетін Шәкең Анкараның аумағы атшаптырым дүкенінде адасып жүрсе де, естілер-естілер даусымен ауық-ауық «Тұрсы-ы-ы-ын!», – деп қояды. Әйтеуір, біреу болмаса, біреудің құлағына шалынып қалар деген ниет шығар. Шынында да, ниеті оңғарылады. Жеңгей ұзамай жанына келеді. Дәлірек айтсақ, адасып кеткен Шәкеңнің өзін сол маңайдағы қазақтарымыз бар, түріктеріміз бар, бәріміз жабылып жүріп, әзер тауып аламыз.
Аман болыңыз, Тұрсын жеңеше! Мықтысыз, Шәке!
Сізде деңгей бар,
Бізде жеңгей бар!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
2022 жыл
«Шағала» жинағынан
USD




