АҚШ мен Әзербайжан қауіпсіздік жөнінде стратегиялық әріптес атанды

БАКЫ. 10 ақпан. Әзербайжан мен АҚШ энергетика, сауда, қорғаныс және қауіпсіздік салаларындағы стратегиялық әріптестікке қол жеткізді. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бүгін Әзербайжан байтағы – Бакы қаласында АҚШ вице-президенті Джей Ди Венс пен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев стратегиялық әріптестік жөніндегі хартияға қол қойды.
Әлиев атап көрсеткендей, құжатта энергетика, сауда және қорғаныс салаларына бөлек, екі елдің өзара қауіпсіздігі мәселесі де қамтылған. Бұл әзери еліне сырттан қауіп төнетін болса, Уашинтонның көмекке келетінін көрсетеді. Сол сияқты АҚШ-қа Әзербайжанның қарулы көмегі керек бола қалса, бұл тарап та оны бұлжытпай орындайды. Бұған қоса, екі ел антитеррорлық операцияларды бірлесе жүргізе алады.
«Қазіргі таңда Әзербайжан өзінің табиғи газ ресурстарымен 16 елдің, – олардың 11-і НАТО-ның мүшелері және АҚШ-тың одақтастары, – энергетикалық қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуге үлес қосып отыр», – деп «Әзертадж» мемлекеттік ақпарат агенттіні Ильхам Гейдароглы Әлиевтің сөзінен дәйектеме келтірді.
«АҚШ-тың стратегиялық әріптесі болу – Әзербайжан үшін абырой», – деп атап өтт Ильхам Әлиев АҚШ вице-президенті Джей Ди Венспен жүргізілген келіссөздің қорытындысында.
Венс өз тарапынан екі елдің арасында әріптестік және достық қарым-қатынас орнауы жақсы қадам екенін айтты. «Бұл аймақта берік бейбітшілік пен гүлденудің орын алуына жетелейді», – дегенді қосты ол сосын.






