АСТАНА. 21 қыркүйек. Қызылордада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Арал теңізі мәселелері жөніндегі өңірлік кеңсесі жұмыс істей бастайды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Мұның жайын бүгін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында кеңінен тарқатып жазып өтті.
Оның хабарлауынша, ДДҰ, БҰҰ, сондай-ақ Қазақстан, Өзбекстан және Қарақалпақстан өкілдерінің қатысуымен өткен кеңестің қорытындысы бойынша Қызылордада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өңірлік офисін ашу туралы шешім қабылданған.
Арал өңірі үшін өте өзекті болып саналатын маңызды мәселенің оңынан шешілгенін қуана баяндаған министр сонымен қатар бұл шешімнің өңірдегі экологиялық өзгерістерге және олардың адам денсаулығына әсеріне байланысты мәселелерді жүйелі және халықаралық деңгейде шешуге мүмкіндіктер беретініне назар аударады.
Өзінің жазбасында Ақмарал Әлназарова аталмыш кездесудің негізгі келісімдері қатарында Қызылордада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өңірлік офисін ашу, мемлекетаралық деңгейде Іс-қимылдың Жол картасын дайындау, 2026 жылы ДДҰ сәуір саммитінде Арал жөнінде қаулы шығару бар екенін атап өтеді.
«Арал – бұл өткен ғасырдағы экологиялық дағдарыс қана емес, сонымен қатар біз бүгін кездесетін қиындықтар: шөлейттену, улы шаң, климат пен экожүйенің өзгеруінен туындаған аурулар, – деп жазады Ақмарал Шәріпбайқызы бұдан әрі. – Бірақ оң өзгерістер де бар. Соңғы жылдары теңіздің солтүстік бөлігінің кебуін тоқтатуға қол жеткізілді, көгалдандыру белсенді жүргізілуде және халықтың денсаулығын жақсарту бойынша жобалар енгізілуде».
Министрдің пайымынша, Президенттің қолдауы, Қызылорда облысы әкімнің жеке назары және халықаралық ынтымақтастық ахуалды бірлесіп өзгертіп, өңірге денсаулық пен үмітті қалпына келтіре алатынымызға сенімділік береді.
Бұл орайда біз бұл мәселенің оңынан шешіліп, жылдар бойы сіресіп жатқан сеңнің көбесін сөгуде Денсаулық сақтау министрлігінің атқарған қызметі орасан зор болғанын атап өткіміз келеді.

USD




