ҚЫЗЫЛОРДА. 6 маусым. Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев Арал ауданына жұмыс сапары кезінде Қамыстыбастағы туризм әлеуетімен танысты. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сапар барысында облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов әкіммен бірге болды. Облыс басшылары Қамыстыбас ауылдық округіне ат басын іркіп, «Аққұмшық» жағажайының қазіргі тыныс-тіршілігіне жан-жақты қанықты.
Өңірдегі туризмді дамытуда ерекше маңызға ие демалыс аймағы «Арал геопаркі» жобасына енгізілген. Соның нәтижесінде өткен жылы бұл аймаққа 100 мыңға жуық адам қызығушылық танытып келген. Аумағы екі гектарлық демалыс аймағында 110 демалыс үйі бар, оларда 21 кәсіпкер келушілерге сапалы қызмет көрсетуде.
Бұдан бөлек, жаяу жүргіншілер жолы салынған, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнекамералар орнатылған. Демалушыларға арнайы орындар мен үш волейбол алаңы жасалған.
Облыс әкімі келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, қызмет көрсету сапасын жақсарта түсуді тапсырды.
Бұдан кейін Мұрат Ергешбаев «Самара – Шымкент» тас жолындағы орташа жөндеу жұмыстарын көрді. Өткен жылы «Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент» республикалық маңызы бар автомобиль жолының Әйтеке би кенті мен Арал қаласы аралығындағы учаскесін орташа жөндеу қажеттігі туындаған еді. Осыған байланысты биыл «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ 9,5 шақырым жолды қолға алды. Жауапты мердігер – «Арал Құрылыс» ЖШС, жұмыс жыл соңына дейін аяқталады деп межелеп отыр.
Бұған қоса, «Қызылорда – Сексеуіл» автомобиль жолын реконструкциялау жобасы аясында қайта жаңғырту көзделген. Аталған жоба бойынша техника-экономикалық негіздемеге оң қорытынды алынған.
Жөндеу барысымен танысқан аймақ басшысы жол сапасына қатысты жауапты сала жетекшілері мен мердігер мекеме жұмысын қатаң сынға алды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-на тез арада жол-көлік қозғалысын ретке келтіруді, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауды, жұмысшылар санын көбейтуді қатаң тапсырды.

USD




