Жаңалықтар жаңғырығыОқиға

Бас прокуратура экс-тергеуші Олеся Кексельдің ұсталғанын растады

АСТАНА. 14 шілде. Тергеу департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Олеся Кексель азаптау ісі бойынша күдікке ілінәп, қамауға алынды. Бұл туралы Orda.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Таблоид осылайша кезінде бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың командасында болған адамдардың тағы біреуі қолға түскенін атап өтті.

Бас прокуратура оның қылмыстық қудалау фактісіне сай ұсталғанын растады.

«2025 жылғы 4 шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы тергеу департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Олеся Кексель азаптау ісі бойынша күдікті деп танылды (ҚР ҚК 146-бабы 2-бөлігі 1 және 2-тармақтары)», – деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, шілденің басында Олеся Кексельдің ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Сонымен қатар Антикордың бұрынғы басшысы Талғат Татубаев та ұсталып, 2 айға қамалды. Татубаев пен Кексель екеуі бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың командасының өкілдері еді. Екеуі де азаптау күдігімен ұсталып отыр.

Мұның алдында «Қорғас ісі» қозғалғанда да Қайрат Қожамжаров командасының мүшелері айыпты болып жатқаны айтылып еді. Биылғы наурыз айында Бас прокуратура бұрынғы сенатор, Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің экс-төрағасының бұған да қатысы бар екенін растады.

Кезінде бұл істі қаржы полициясы қозғап, заңсыз әрекеттерге қатысты деген күдікпен бірқатар құқық қорғау органдарының қызметкерлері, кеденшілер мен кәсіпкерлерді тергеуге тартқан болатын.

Еске сала кетсек, 2011 жылдың соңында Алматы облысындағы кеден бекеттерінде ауқымды көлемде ұрлық жасалып жатқаны, сыбайлас жемқорлық жайлағаны жайлы қаржы полициясы дабыл қаққан еді. Тергеу деректері бойынша, шекара бекетіндегі экономикалық аймақта сол уақытта 100-ден астам адамның басын біріктірген ұйымдасқан қылмыстық топ жұмыс істеп, оның құрамында қылмыстық құрылым өкілдерімен қатар кейбір мемлекеттік орган қызметкерлері де болған. Ақшалай немесе басқалай да сыйақы алып, топқа қолдау көрсеткен лауазымды тұлғалар да кездескені айтылған.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button