АСТАНА. 6 қыркүйек. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Orda.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды..
Бұған дейін кезінде оның қарамағында өзімен етене қызметте болған бірқатар тұлғалардың үстерінен қылмыстық істер қозғалды. Сол кезде-ақ мұның соңы оның өзіне барып тірелетіні айтылып жүретін. Міне, сол күн келген сияқты.
Қаржы полициясының экс-басшысы Қожамжаров өкілеттігін асыра пайдаланған және ақшаны жылыстатқан деген күдікке ілінді.
«Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қ.П.Қожамжаровқа қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастыру фактілері бойынша оның басшылық лауазымдарда болған түрлі кезеңдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды», – делінген хабарламада.
Барлық қылмыстық іс бойынша арнайы прокурорлардың басшылығымен жедел-тергеу топтары құрылды. Ведомство атап өткендей, ҚР ҚІЖК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
«Экс-шенеунікке лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану және басшылық лауазымдардағы қызметінің әр кезеңінде қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру фактілері бойынша айып тағылады», – деп хабарлады Бас прокуратура.
Ведомствода қылмыстық істерді тергеу үшін арнайы прокурорлардың басшылығымен жұмыс істейтін жедел-тергеу топтары құрылғанын қосты.
Бұған дейін біз қазір Қожамжаровтың айналасындағы адамдар тергеуде екені талай рет жазылған. Әңгіме Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның бұрынғы басшысы Талғат Татубаев пен арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексель туралы болып отыр. Олар Қожамжаровтың жақын серіктестерінің бірі болып саналады.
Қаржы полициясы мен Бас прокуратураның бұрынғы басшысы Талғат Махатов түрмеге қамалды және жақында тағы бір ұзақ мерзімге кесілді. Сондай-ақ, соңғы ақпарат бойынша, тергеушілер Мақсат Дүйсеновті көздеген.
Қайрат Қожамжаровтың туыстары Шымкент мұнай өңдеу зауыты маңындағы жерді иеленген. Қайраттың інісі кәсіпкер Дулат Қожамжаров мемлекетке заңсыз өткен активтерді қайтаруы тиіс тұлғалардың тізіміне енді. Бұл шешімді Бас прокуратураның активтерді қайтару комитеті қабылдады.
USD




