АСТАНА. 6 қазан. Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде орын алған қайғылы оқиғаны тексеру барысында Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков қамауға алынды. Бұл туралы Zakon.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Айтылып отырған фигурант бұдан үш күн бұрын, 3 қазанда атқарып отырған лауазымынан босатылған болатын. Бұған Маңғыстаудағы қайғылы оқиға тікелей себепші болды.
Ішкі істер министрлігі бүгін Zakon.kz порталы берген сауалға жауап қайтарды.
«ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу аясында ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитанды «қызметіне салғырт қарады» деген күдікпен ұстап, уақытша ұстау оқшаулағышына қамады. Ол сот санкциясымен қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр», – делінген министрлік хабарламасында.
Қанат Ниязбеков ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерін 2025 жылғы тамыздан басқарып келді. Оған дейін Әскери-теңіз күштері Бас штабының бастығы – бас қолбасшының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Ақтау маңында өткен әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметші Каспий теңізіне кетіп қалған. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.
«Аталған оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да түсініксіз. Оны кім әзірлеп, бекітті? Бас штабтың рөлі қандай? Үйлестіру жұмыстарына неге мән бермеген? Неліктен оқу-жаттығу жиынында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмаған? Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді. Мұның бәрі – әскери ведомство басшылығының немқұрайдылығының салдары», – деді Жомарт Тоқаев сол күні қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен өткізген кеңесте.
Президент оқу-жаттығу жиынына қатысқан әскери қызметшілер тиісті жабдықтармен, соның ішінде арнайы құтқару кеудешелерімен де қамтамасыз етілмегенін ашына айтты.
Мемлекет басшысы 26 қыркүйекте «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіндегі істің жай-күйін кешенді тексеру жөніндегі комиссия туралы» өкімге қол қойды.
5 қазанда комиссияның кеңесі өтті. Онда Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғалар Қарулы күштерде қордаланған жүйелі мәселелерді айқындағаны айтылды. Тергеудің алдын ала қорытындылары әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде елеулі қателіктерге жол берілгенін және бұрынғы басшылық тарапынан тиісті бақылау болмағанын көрсетеді.
Тексерудің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша қылмыстық қудалау органдары Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен бөлімшелердің қызметінде мемлекеттік мүлікті жымқыру ықтималдығы, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және өзге де заң бұзушылықтар фактілері бойынша 13 қылмыстық іс қозғады.
USD




