Ресей Ыстанбұл келіссөзінде 30 күн атысты тоқтатудан бас тартты

ЫСТАНБҰЛ. 2 маусым. Түркияда өткен келіссөзде Мәскеу өкілдері Киевтің қосымша шарттарсыз 30 күн атысты тоқтату туралы ұсынысына келіспеді. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресей тарапы сондай-ақ Владимир Путин мен Володимир Зеленськийдің оңаша, тет-а-тет кездесуінен де ат-тондарын алып қашты. Түркия дипломатиялық мәнбесінің «РИА Новости» агенттігіне берген ақпарына қарағанда, бір сағатқа созылған келіссөз барысында тараптар екі ел басшыларының кездесуі туралы нақты шешімге келе алмаған.
«Ресей мен Украина өзара тұтқындар айырбастау, сондай-ақ «6000-ға 6000» формуласы бойынша қаза тапқан сарбаздардың мәйіттерін алмасу туралы ғана келісім жасай алды», – деді Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров. «Біз ауыр жараланған және ауыр ауруға шалдыққан әскери тұтқындардың барлығын барлығына айырбастауға келістік. Екінші санатты 18 бен 25 жас аралығындағы жас сарбаздар құрайды. Барлығы – барлығы үшін», – деді ол. Умеровтің айтуынша, Украина делегациясы Ресейге маусым айының соңына дейін келіссөздің тағы бір раундын ұйымдастыруды ұсынған.
Бұларға қоса, Украина Ресейге РФ аумағында қалған және қайтарылуы тиіс украин балаларының ресми тізімін берген. «Мұны Украина президенті кеңсесінің басшысы Ондрий Эрмак айтып берді», деп хабарлайды УНИАН. Бұл талап Ыстанбұлдағы кездесуден бірнеше күн бұрын Киев Мәскеуге тапсырған атысты тоқтату шарттары бар украин меморандумына енгізілген. Украиналық шенеунікке сілтеме жасаған Axios агенттігінің хабарлауынша, Ресей Украинаға өз меморандумын тек дүйсенбі күні кездесу өтетін кезде ғана тапсырған. Онда айтылған Кремльдің ұстанымы өзгерген жоқ. Атап айтқанда, ол Украинаның жартылай оккупацияланған аймақтарынан Украина қарулы күштерін шығаруды талап етеді.
«Ыстанбұлдағы келіссөздер басталар алдында ресейлік тарап АҚШ өкілдерінің кездесуге қатыспауын сұрады», деп жазды The Economist тілшісі Оливер Кэрролл украин делегациясындағы мәнбеге сілтеме жасап. Осыған ұқсас ақпаратты Украина сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Георгий Тыхий Novyny.Live сайтына берген түсіндірмесінде айтты.