Назарбаев Мәскеуде Путинмен кездесті. Тағы не бүлдіргелі жүр?

МӘСКЕУ. 30 мамыр. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев РФ президенті Владимир Путинмен кездесіп, әңгіме-дүкен құрды. Бұл туралы Kreml.ru мәліметіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Кездесу кеше, 29 мамыр күні Мәскеуде өткен. Байырғы президент осы үшін өзі ұшып барған.
«Владимир Путин Кремльде Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті», – делінген РФ президентінің сайтында.
Осындай бір ғана сөйлемнен тұратын титімдей хабарда олардың не үшін кездескені, онда нендей әңгіме қозғалғаны жайлы ештеңе айтылмайды.
Кремльдің telegram-арнасында жарияланған қысқа видеода екеуінің қол алысып жатқандары ғана бар, бірақ оның өзі дыбыссыз жазылған.
Қазақстан жұртшылығы Назарбаевтың Мәскеуге қарай жасаған бұл жолғы секемді сапарына да үлкен сақтықпен және күмәнмен қарады. Осы орайда «Ол тағы нені бүлдіргелі отыр?» деген сауал қоюшылар көп.
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи бүгін осыған байланысты Facebook әлеуметтік желісінде «Не сұрап жүр?» деп аталатын пост жариялап, бұрынғы президенттің Мәскеуге қарай шапқылай беретініне қынжылыс білдірді.
«Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге арнайы барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу бейнежазбасын Кремльдің баспасөз қызметі жариялады», – деп жазды ол.
Депутат бұдан әрі «Назарбаевтың ресми жұбайы Сара Алпысқызының жай-күйі әлі күнге дейін белгісіз күйінде қалып» отырғанын айта келіп, «тұңғыш президенттің кіші қызы Әлия Назарбаева жарты жылдан бері Мәскеуде тұрып» жатқанына назар аударады.
Бапидің айтуына қарағанда, «дереккөздердің хабарлауынша, Назарбаев Путиннен бірнеше маңызды сұрақтар бойынша қолдау сұрап» жүрген көрінеді.
Қазақстандық белгілі журналист Руслан Түсіпбеков әлеуметтік желіге «Неге ол қайта-қайта сонда ұшып бара береді?» деген жазба қалдырып, бұрынғы президенттің бұл тірлігіне күдікпен қарайды. «Оған онда немене керек? Тағы да әлденеге немесе әлдекімге қатысты шағым айту үшін барған ба? Бұл кісі бір айдан кейін 85-ке толғалы отыр, неге бұл бір орында тыншып отыра алмайды? Шаратып бітті ғой түге…», – деп атап өтті блогер.
Бұған дейін РФ президенті мен Қазақстанның экс-президенті 2024 жылдың желтоқсан айында Мәскеу түбіндегі Ново-Огарёвода кездескен еді. Ал соған дейін 2021 жылы желтоқсанның соңында Санкт-Петербургте өткен экономикалық кеңес кезінде арнайы жолығысқан. Соның артынша Қаңтар қырғыны басталып кеткен…