«Інілерге аға боп жарытпайсың, Ағаларға іні боп иілмесең», – деп ақын Жарасқан Әбдірашев айтқандай, қай кезеңде де ұрпақтар сабақтастығының жөні бөлек. Ағаның асқар таудай болуы кейінгілердің құрметіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, ғибратты ғалым, әлеуетті әдебиетші, сарабдал сыншы, ұлағатты ұстаз Жанғара Дәдебаевтың біздің буынымыз үшін өте қадірлі екенін айтуға тиіспіз. Неге қадірлі? Айтайық. Бала кезімізде бетімізден қақпады. Кішкене күнімізде күшігімізден таламады. Жігіт шағымызда желігімізді баспады. Бесіктен беліміз шықпай жатып, ғылым докторы болуға талпынғанымызда жайсыз жартастар мен жалпақ жоталардың арасынан жол ашып берді. Беделді ағаның берекелі батасымен белеске бет алдық. Қилы кезеңдегі жалқы жақсылығын қырық жыл жырлап, қайта-қайта есіңе салатын бәзбіреулер сияқты емес, онысын ешқашан бұлдап та көрмепті.
Білімділігі мен біліктілігі өз алдына, ұстазымыздың қарапайымдылығы қайран қалдырады. Мысалы, біз оның Социалистік Еңбек Ері атағын иеленген атақты малшының, тегеурінді көкпаршының ұлы екенін ол алпысқа, өзіміз елуге таяғанда бір-ақ естідік. Елге сыйлы Еңбек Ерінің шөп жарытып өспейтін, сирек баялыш қана кездесетін Таластың қыры мен қыратына жайған малын талай қыстан шығынсыз алып шыққанына да кейін қанықтық. Әкесінің «Жаныма ерген қара болсын» деген ниетпен алпыс жасында көрген перзентінің атын «Жанғара» деп қойғанын да бертінде білдік. Сол Жанғара ағамыз, міне, бүгін жетпіс екі жасқа толды. Ал бір кезде оның ауылына арнайы келген жазушы Әлжаппар Әбішевтің «Үлкен жолда» деген повесіне кейіпкер болған Дәдебай атамыздың туғанына биыл жүз отыз екі жыл.
Әкенің бауырында бар-жоғы он-ақ жыл еркелеген Жанғара ағаны тәрбиелеп өсірген анасы – соңына ұмытылмас ұлағатты сөз қалдырған асыл адам. Ол кісі біздің ағамыз кандидаттық диссертация қорғағанда «Жетектеген жетекшіңнен де айналайын, жетекке жүрген сенен де айналайын!», – депті. Бұл – ұлы ұстаз Зейнолла Қабдолов пен ширақ шәкірт Жанғара Дәдебаевқа арналған сөз. Ағымыздан жарылайық, бұл – академик Қабдоловтың барлық шәкірттерінің ауылдағы аналарының атынан айтылған жүрекжарды лебіз. Ардақты ағаның шыққан шаңырағы қандай шуақты болғанын осыдан-ақ біле беріңіз.
Ұстаз демекші, академик Зейнолла Қабдолов – он алты ғылым докторын дайындаған ғалым. Соның екіншісі – Жанғара Дәдебаев (Мақаш Бекбергеновтен кейін). Жанғара аға да Зекең сияқты көркемдікті көре алады, сұлулықты сезіне біледі. Заңғар Зейнағаң секілді оның өзінің де болмысы бөлек, бітімі бүтін.
Біз Жанғара ағамызды жақсы көреміз. Не үшін? Ғылымның таза бұлағынан қанып ішіп, сол тазалыққа әлі күнге дейін кір шалдырмай келе жатқаны үшін. Санаға салмақ түсіретін сын мақаланың өзін жазғанда әр сөзін әрлеп-әсемдеп, үкілеп ұсынатын әсершіл эстет болғаны үшін. Анау-мынау ұсақ-түйекке араласпайтын ірілігі үшін. Кейбіреулер құсап шәкірттерінің сілікпесін шығарып, мезі етпейтін маңғаздығы үшін. Сабырын сақтайтын сауытын сындырып алмауға тырысатын салмақтылығы үшін. Үндемесе де үні асқақтап, көрінбесе де көрнекілігі кемімейтін көркемдігі үшін. Сондықтан оның ілім-білімге суарылған көкірек кенішін жылылықтың жансарайына балаймыз.
Жансарайыңыздан жылылық арылмасын, Жанғара аға! Желіп келген жасыңыз жорғаңыздан жаңылдырмай, биік белестерге бастай берсін!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
2020 жыл
«Шағала» жинағынан
USD




