Белгісіз жасақ мүшелері күштік құрылымдар сарбаздарымен атысты
МӘСКЕУ. 3 наурыз. Ресей Ингушетиясында өткен түнде атыс орын алып, республикаға террорға қарсы операция режимі енгізілді. Бұл туралы «Украина 365» telegram-арнасы ақпарына сүйенгенг rast.kz хабарлайды.
2 наурыз күні кешке Ресей Ингушетиясында ұрыс қимылдары басталып кетті. Диктатор Владимир Путиннің күштік құрылымдары Қарабұлақ қаласында белгісіз қарулы жасақпен қақтығысып қалды. Оның кадрлары «Украина 365» telegram-арнасынан көрсетілді.
Бірақ болған оқиға жөнінде Ресей таблоидтары ләм-мим демеді, Кремль инцидентті қолынан келгенше көпшіліктен жасыруға тырысып бақты. Оның жайы жарылыстар мен атыстан қатты қорыққан Қарабұлақ елді мекенінің тұрғындары әлеуметтік желіде жариялап жібергеннен кейін белгілі болды.
Билік жергілікті уақыт бойынша сағат 19:30-да террорлық әрекетке қарсы операция режимін енгізді. РФ билігі сондай-ақ болған оқиға жөнінде «қасақана жалған ақпар» берушілердің қылмыстық жауапкершілікке тартылатындарын айтып, тұрғындарды қорқытып қойды. Сөйтіп, жұрттың аузын жаппақ болды.
Ресей БАҚ-тары сол бойда операция ИГИЛ содырларын жоюға арналды-мыс деген сыңайда жазып жатты. Алайда жергілікті халық ұрыстың Ингушетия тәуелсіздігі үшін күресіп жүрген отаншыл азаматтармен арада жүргенін жақсы біліп отыр. Дегенмен, қазіргі мезетте мұны растайтын нақты фактілер жоқ.
Шайқас кемінде 8 сағатқа созылған. Путин жауынгерлері «содырлар» тығылып жатыр деген желеумен 4 қабатты тұрғын үйге шабуыл жасаған. Хабарланғандай, атыс барысында олардың 6-ы өлтірілген. Үйге де елеулі зақым келген.
Ресми мәліметке сай, операция кезінде күштік құрылымдар зардап шекпеген. Алайда, «Кремлевская табакерка» Z-арнасының мәліметінше, атыс салдарынан РФ арнайы жасағының 2 офицері оққа ұшып, тағы екеуі жарақат алып қалған.
«Бар болғаны екі содыр ғана өлтірілді, кемінде тағы біреуі соңына түскен қуғыннан зордың күшімен құтылып кетті», – деп жазды ресурс.