АСТАНА. 1 қыркүйек. Бүгін бүкіл Қазақстан бойынша 380 мыңнан астам бүлдіршін мектеп партасына алғаш рет отырды. Бұл туралы Informburo.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметтеріне сәйкес, жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа барған бүлдіршіндердің 71%-ы қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде, ал 2,5%-ы өзге тілдерде білім алуды таңдаған.
Бүгін Қазақстандағы 8 мыңға жуық білім беру ұйымында жаңа оқу жылы басталды. Биыл ел бойынша 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданды. Олардың шамамен 296 мыңы мемлекеттік, 23 мыңға жуығы жекеменшік мектептерде білім алады. Қалалық мектептерге 191 мыңға жуық, ауылдық мектептерге шамамен 128 мың бірінші сынып оқушысы қабылданған. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мыңға жуық бала білім беру ұйымдарына қабылданды.
Биыл бірінші сыныпқа баратын балалар саны бойынша Түркістан облысы көш бастады. Аймақта 50 мыңнан астам бала бірінші мәрте мектеп табалдырығын аттады. Одан кейінгі орындарда Алматы облысы (35 мыңнан астам), Астана қаласында (шамамен 33 мың), Алматы қаласында (31 мыңнан астам), Шымкент қаласында (29 мыңнан астам) тұр.
Жалпы алғанда, биыл Қазақстан бойынша 8 мыңнан астам мектепте 4,1 миллионнан астам оқушы білім алады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бастауыш сынып оқушыларының оқыту жүйесі өзгерді. Қазір 2-4-сыныптарда бағалаудың жаңа тәсілдері енгізілді. Енді оқушының күнделікті еңбегі, оқу барысындағы ілгерілеуі және алған білімін тәжірибеде қолдана білуі ескерілмек.
Деректерді дендей түссек, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 8048 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Бұл – 2024-2025 оқу жылымен салыстырғанда, 1,6%-ға көп. 2020 жылдан бері елімізде 1200-ден астам жаңа мектеп салынған. Осы кезеңде 1 млн-нан астам жаңа оқушы орны құрылып, үш ауысымда жұмыс істейтін мектептердің саны төрт есеге азайған.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2026-2027 оқу жылында Қазақстанда тағы 101 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Жаңа білім беру нысандары жалпы 59,3 мың оқушыға есептелген. Мектеп құрылысы Арнайы мемлекеттік қор, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет және жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады.
USD




