Ресей Қарабақтағы соғыста Арменияға қолдау көрсетуден бас тартты
МӘСКЕУ. 19 қыркүйек. РФ билігі бүгін тұтанған кезекті Әзербайжан – Армения қақтығысы барысында бейтараптық позиция ұстайтынын ашып айтты. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресей Қарабақтағы соғыста Армения жағына қолдау көрсетуден бірден бас тартты.
Бүгін, 19 қыркүйек күні таңертең Әзербайжан қарулы күштері Қарақбақты артиллериядан атқылау арқылы шабуылды бастады. Ұрыс қимылдары өңірдегі сепаратистік пиғылдағы террорлық құрылымдарды жоюға бағытталды.
Бұдан бірнеше күн бұрын Қарабақта заңсыз сайлау өткізілді. Соған дейін өңір армяндары сан мәрте арандатушылық әрекеттер жасады. Өз кезегінде Әзербайжан сыртқы істер министрлігі Армениядан «Ханкенди (Степанкерт) режимін» таратып, әскерін Қарабақтан алып кетуді талап етті. Бірақ армян тарапы бұдан қорытынды шығарған жоқ.
«Ресей 19 қыркүйекте ұрыс қимылдары қайта жалғасқан Қарабақтағы ахуалдың шиеленісе түсуіне «айрықша алаңдаушылық» білдіреді», – деді РФ сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова.
Оның айтуынша, Мәскеу Әзербайжан және Армения өкілдерімен байланыс жасайды, соның қорытындысы бойынша мәлімдеме жариялайды.
Захарованың пікірінше, армян тарапының мәлімдемесіне байсалдылықпен қарауға болмайды, себебі: Хайастан премьері Никол Пашинян 2020 жылы қазанда Қарабақ ешқашан Әзербайжан территориясы болмайтынын айтқан еді. Ал соғыста жеңілгеннен кейін ол сөзін қайтып алып, Қарабақтың Әзербайжан жері екенін мойындаған болатын.
Бүгін соғыс басталған бойда Армения сыртқы істер министрлігі Мәскеуден ұрыс қимылдарын тоқтату мақсатында бітімгерлік контингентті іске қосуға өтініш жасады.
«Алайда Ереван соңғы кездері «батыстың ықпалымен» Ресейге қатысты жаулық позициясын ұстана бастады», – деді Захарова. Армения қыркүйек айында АҚШ-пен бірігіп әскери жаттығу жиынын өткізді және Рүм статутын ратификациялау үдерісін бастап кетті. Бұлардың соңғысы егер РФ президенті Владимир Путин Армения территориясына келе қалатын болса, оны Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сотқа ұстап беруге алып барады.
Захарова сондай-ақ Әзербайжан тарапының өңірде әскери операция жасауды бастағалы жатқандарын Мәскеуге ескерткенін де атап өтті.
Қазір Әзербайжан армиясы сепаратистер жасақтарына күйрете соққы беріп жатыр. Олар жаудың бірнеше ірі нысандарына шабуыл жасап үлгерді.
Ал Ереванда жергілікті армяндар стихиялы митингіге шығып, Әзербайжаннан атқылауды жедел тоқтатуды, Армения билігінен оларға нақты жауап беруді талап етті.
Бүгін сондай-ақ Әзербайжан мен Түркияның қорғаныс министрлері телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында түрік жағы әзербайжандарға қажетті жағдайда әскери көмек көрсетілетінін ашып айтты.