РФ қорғаныс министрлігі генерал Суровикиннің қамалғанын хабарлады
МӘСКЕУ. 29 маусым. Ресей қорғаныс министрлігіндегі мәнбелер РФ-ның Украинадағы әскерлері біріккен тобы қолбасшысының орынбасары генерал Сергей Суровикиннің қамауға алынғанын растады. Бұл туралы The Moscow Times дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды..
Бірақ әзірге қорғаныс министрлігі бұған ресми түрде түсіндірме берген жоқ.
«Ондағы оқиғалар жетісіп тұрған жоқ. Билік үшін. Бұдан артық ештеңе айта алмаймын», – деді генералдың қамалу себебі жайлы сөз еткен бірінші мәнбе.
«Пригожин тұрғысында. Ол [Суровикин], шамасы, [Пригожиннің бүлігі кезінде] соның жағын таңдаған сияқты, енді оның сирағынан шап етіп ұстай алды», – деді екінші мәнбе. Қазір генерал қайда, деген сұраққа ол: «Бұл ақпар қазір бізде тіпті ішкі арна арқылы да айтылмайды» деп жауап берген.
Суровикиннің тұтқынға алынғаны жайлы қауесетті бұдан бұрын әскери блогер Владимир Романов жариялаған болатын. Оның ақпары бойынша, генерал 25 маусымда-ақ – Евгений Пригожиннің басқаруындағы «Вагнер» ЖӘК бүлігі басылғаннан кейінгі күннің ертеңінде қамалған.
The Moscow Times мәнбесінің сөзіне қарағанда, Суровикиннің бұл бүлікке қатысы болған-болмағаны әлі белгісіз сияқты. «Ол қолына мәтін ұстатылып, соны камераға қарап оқып беріп, алдына жағдайды реттеу міндеті қойылғанда, мұны оншалықты құлдық ұрып қабылдамады, басшылықты тым қатты ызаландырып қойды», – деді мәнбе. Осыған байланысты, оның сөздеріне орай, Суровикин «Пригожинің коалициясына» кірген екен, деген пікір қалыптасқан.
«Суровикин Евгений Пригожиннің Ресей әскери басшылығына қарсы қарулы бүлік бастамақ болып отырғанын алдын ала білді», – деп жазды The New York Times газеті АҚШ-тың барлау мәліметтерінен хабардар шенеуніктеріне сілтеме жасай отырып.
Олардың сөздеріне қарағанда, қазір Ресей басшылығы соңы Мәскеуге колонналы марш жасалып, Владимир Путиннің режиміне айтарлықтай қатер төндіруге алып барған бүлікті ұйымдастыруға Суровикин көмектесті ме, жоқ па деген мәселені анықтауға қатты күш салып жатқан көрінеді.
Украин пабликтері РФ-да «Вагнер» ЖӘК бүлігінен кейін кең ауқымды «тазалау» басталып кеткенін баяндайды. Көтерілісшілермен ынтымақтастықта болулары ықтимал әскери қызметкерлердің бәрі қамалып жатқаны жайлы ақпар тарады. Кейін келіп түскен мәліметтер Суровикинмен бірге оның орынбасары Андрей Юдиннің да қамалғанын айғақтайды. Олардың екеуі де қазіргі күндері Мәскеудегі «Лефортово» уақытша оқшаулағышында отыр. Екеуіне де мемлекетке сатқындық жасау туралы айып тағылатын түрі бар.