Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Футболдан Қазақстан құрамасы Сан-Мариноны сыртта 3:0 етіп тізе бүктірді

ПАРМА. 17 маусым. Бүгін түнде итальянның Парма қаласында Еуро-2024 турнирінің іріктеу матчында футболдан Қазақстан құрамасы Сан-Марино командасын 3:0 етіп, ірі есеппен ұтты. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.

Парманың «Эннио Тардини» стадионында өткен ойында Сан-Марино футболшылары шартты түрде алаң иелері болып саналды.

Командалар алаңға мына сөрелік құрамдарда шықты:

Сан-Марино: Элиа Бенедеттини, Алессандро Този (Адольфо Хосе Хирш, 65), Данте Карлос Росси, Филиппо Фаббри (Микеле Чеволи, 82), Роберто ди Майо, Мануэль Баттистини, Алессандро Голинуччи, Лоренцо Капикьони (Маттео Витайоли, 80), Лоренцо Ладзари, Никола Нанни (Майкл Баттистини, 80), Филиппо Берарди (Лука Чеккароли, 65);

Қазақстан: Игорь Шацкий, Ян Вороговский (Тимур Досмағамбетов, 78), Нұралы Әліп, Марат Быстров, Александр Марочкин, Михаил Габышев (Лев Скворцов, 78), Асхат Тағыберген (Арман Кеңесов, 70), Абзал Бейсебеков, Исламбек Қуат, Рамазан Оразов, Максим Самородов (Эльхан Астанов, 71).

Көптеген мамандар мен жанкүйерлер Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиевтің бұл эксперименттік құрамынан оның шабуылға айрықша мән беріп отырғанын байқағандай болды. Бірақ ол көпке дейін ойынға оң нәтиже әкеле алмады.

Матч барынша сылбыр басталды. Ойын қызбай жатып-ақ екі жақтың да жүйкелері сыр бере бастағандай болды. Шартты алаң иелері осы тұста тез гол соғып алуды мұрат тұтып, қайта-қайта біздің оң қапталды бұзып өте берді. Бұл қазақстандықтар жүйкесіне қосымша салмақ болып түсті. Аздан кейін осы ауан қақпашы Игорь Шацкийге де берілді. Оның өзіне сенімсіздеу ойнап жатқаны көрер көзге байқалып тұрды. Бірақ қуанышымызға қарай, біздің қақпа барлық қысымға төтеп шықты.

Матчтың есебі 37-минутта күтпеген жерден ашылды. Команда капитаны, жартылай қорғаушы Асхат Тағыберген оң қапталдан қарсыластар айып алаңына қарай доп жөнелтті. Оған бәрінен бұрын жеткен Сан-Марино құрамасының капитаны Микаэль Баттистини теуіп қайтарған доп кенет Ян Вороговскийдің аяғына іліге кетті. Ал «Моленбектің» қорғаушысы допты алған бойда көп кідірместен қақпаға қарай шірене тартты. Гол!

Қазақстан құрамасы екінші таймда ойынды айтарлықтай ширата түсті. Айналып келгенде, мұның нәтижесі көріне бастады. Шабуыл сәт сайын үдеді. Сондай қауырт қарбаластар кезінде, 64-минутта Сан-Мариноның қорғаушысы өз алаңында қолын допқа тигізіп алды. Алаңдағы грек арбитры Анастасиос Папапетру бірден онбірметрлік нүктені нұсқады. Пенальтиді Асхат Тағыберген дәл ұрып түсірді. Осылайша есеп 2:0-ге жетті.

Кездесу аяқталуға жақындаған шақта Қазақстан құрамасы Элиа Бенедеттини қорғаған қақпаға шабуылды тіпті күшейтіп жіберді. Осы штурм барысында шабуылшы Бахтиер Зайнутдинов өзінің еншісіне бір доп жазып үлгерді. Ол матчтан кейін қосылған қосымша уақытта, яғни 90 (+4)-минутта қарсыластар қақпасынан саңылау таба білді. Қорытынды есеп – 3:0!

Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Магомед Адиев команда алдына әдемі ойнау емес, қалайда ұтып шығу міндеті қойылғанын, нәтижесінде оның сәтті атқарылғанын атап өтті.

Осы жеңістен кейін ұпай қорын 6-ға жеткізген Қазақстан құрамасы Н тобының турнир кестесінде бірінші орынға шықты. Жалпы, 6 ұпайды бізден басқа Дания, Финдляндия, Словения құрамалары да жинай алды. Бірақ доп айырмасы жағынан (+3) Қазақстан бәрінен озық тұр.

Осы күні Финляндия өз алаңында бұған дейін топ бастап келе жатқан Словенияны 2:0 етіп сүріндірсе, Дания Солтүстік Ирландияны 1:0 есебімен жеңді.

Н тобындағы турнир кестесі (17 маусымдағы мәлімет)

Құрамалар О Ұ Т Ж    Доп Ұп
1 Қазақстан 3 2 0 1 7 – 4 = + 3 6
2 Дания 3 2 0 1 6 – 4 = + 2 6
3 Финляндия 3 2 0 1 4 – 3 = + 1 6
4 Словения 3 2 0 1 4 – 3 = + 1 6
5 Солтүстік Ирландия 3 1 0 2 2 – 2 =   0 3
6 Сан-Марино 3 0 0 3 0 – 7 = – 7 0

Бұл күнгі басқа матчтар мынадай нәтижелер әкелді: Латвия – Түркия 2:3, Уэльс – Армения 2:4, Солтүстік Македония – Украина 2:3, Мальта – Англия 0:4, Гибралтар – Франция 0:3, Андорра – Швейцария 1:2, Беларусь – Израиль 1:2, Косово – Румыния 0:0, Грекия – Ирландия 2:1.

Мұнда Арменияның қонақта Уэльсті мынадай есеппен ұтуы сенсация болса керек.

Н іріктеу тобында келесі, 4-турдың ойындары 19 маусымда басталады. Бұл күні кешке Финляндия өз алаңында Сан-Мариноны қабылдайды. Сол күні түн ортасы ауа (Астана уақытымен – 00:45) Солтүстік Ирландия – Қазақстан, Словения – Дания құрамалары алаңға шығады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button