МӘСКЕУ. 23 қыркүйек. Астананың «Барысы» Мәскеуде жергілікті «Динамоны» тізе бүктіріп, сырт алаңдарда қатарынан екінші рет жеңіс тойын тойлады. Бұл туралы «Советский спорт» ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Кездесу өткен түнде Мәскеудегі «ВТБ Аренада» 6 688 көрерменнің қатысуымен жалау көтерді.
«Барыс» 4:1 есебімен ұтты. Матчтың бірінші кезеңінде есеп ашылмады. Ал 22-минутта Гаррет Пилон қазақстандық команданы алға шығарды. 27-минутта Никита Коростелёв таразы басын теңестірді. Алты минуттан кейін Пилон дубль тіркеді. Үшінші кезеңде астаналықтар Джейк Масси пен Джастин Бейли есепті ұлғайтты. Бұдан бөлек, Масси өз есебіне 2 ассист жазды.
Астаналық клуб мұның алдында, 20 қыркүйекте Ярославльде Құрлықтық лиганың өткен 2025/2026 жылғы маусымдағы чемпионы «Локомотивпен» кездесіп, 5:0 етіп ұтып қайтқан еді.
«Барыс» осы екі жеңістен кейін 7 ойынның нәтижесі бойынша 10 ұпай жинап, Құрлықтық хоккей лигасының Шығыс конференциясында – үшінші, жалпы чемпионатта бесінші орынға көтерілді.
Мамандар қазақстандықтардың соңғы ойында 41 соққыға жолай тосқауыл қойып, Құрлықтық хоккей лигасының рекордын қайталағанын да айтып отыр. Бұған дейін, 2023/2024 жылғы маусымда «Амур» «Торпедомен» ойында осы рекордты тіркеген екен.
Тағы бір айта кететін жайт, қазір «Барыс» Лигада 31 шайбамен соғылған гол жөнінде де ешкімді алдына салмай келеді.
USD




