Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Қазақстан футбол маусымы Шымкенттегі бірінші ойынмен ашылды (видео)

ШЫМКЕНТ. 4 наурыз. Футболдан Қазақстан чемпионаты премьер-лигасының бірінші матчы Шымкентте ойналды, онда маусымашар голды Бауыржан Исламхан салды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.

Шымды қаладағы Қажымұқан атындағы стадионда жергілікті «Ордабасы» командасы Ақтаудың «Каспий» жасағын қабылдады.

«ПроСпорт» басылымының жазуынша, ұшырасу барысында алаң иелеріне жылдам гол соғудың орайы келген. Оны 16-минутта қарсыластар қақпасына қарай белгіленген айып добынан Бауыржан Исламхан алыстан ұрып түсірді. Осылайша допинг дауына байланысты екі жыл үлкен футболдан шеттетіліп, ортаға енді оралып отырған форвард өзінің жаңа сынақтарға дайын екенін көрсетті.

Екінші таймның 49-минутында жартылай қорғаушы Асхат Тағыберген мергендік танытып, есепті ұлғайтты. Ол да стандартты жағдайда гол соғып кетті. Ал 65-минутта есеп 3:0-ге жетті. Бұл жолы жақында құрамға алынған өзбекстандық футболшы Бобир Абдихоликов шеберлігімен көзге түсті.

Меймандар 70-минутта Георгий Панцулияның күш салуымен бір доптың есесін қайтарып үлгерді.

Сөйтіп, матч 3:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына қарай аяқталды.

Өкініштісі, матчта ойыншының алаңнан қуылу дерегі де орын алды. Тараздық арбитр Сәкен Байымбет алаң иелері сапындағы Сергей Малыйға «қызыл қағаз» көрсетуге мәжбүр болды.

Бұдан кейін Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» мен «Ақтөбе» күш сынасты. Онда кездесудің 83-минутында қонақтар жалғыз гол салып, жеңісті тартып әкетті.

Бүгін кешірек сондай-ақ Қостанайда «Тобыл» мен Павлодар облысының «Ақсу», Астанада «Астана» мен Қарағандының «Шахтер» командалары кездеседі.

 

Ескерту! 

rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button