Қорғаныс министрлігі Маңғыстаудағы екі мерзімді әскери қызметші туралы өрбіген өрескел әңгімелерден абай болуға шақырды. Бұл туралы Zakon.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Гәп мерзімді әскери қызметтегі екі матрос – А.А. Ахметов пен Ә.А. Мағауия жайында болып отыр. Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі оларды арқау етіп таралып жатқан ақпараттың шындыққа ешбір жанаспайтынын баяндады.
Ведомствоның 2026 жылғы 28 қыркүйектегі мәліметінше, Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы барысында жеке құрамның бір бөлігі жағада болып, оқу-жаттығу жоспарында көзделген тапсырмаларды орындаған.
Сөз болып отырған мерзімді әскери қызметтегі матростар А.А. Ахметов пен Ә.А. Мағауия теңізге түспеген, олар жағада оқу-жаттығу тапсырмаларын орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болған.
«Қазіргі уақытта аталған әскери қызметшілер әскери бөлімде және күн тәртібіне сәйкес қызметін атқарып жүр», – деп атап өтті Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұдан кейін министрлік барлық азаматтарға үндеу жасады.
«Азаматтарды тексерілмеген және шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратпауға, Қорғаныс министрлігінің ресми хабарламаларына сүйенуге шақырамыз», – делінген ведомство хабарламасында.
2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілерді Каспий теңізіне ағызып әкетті. Олар жағалауда оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап жатқан кезде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген.
Алғашында теңізге 19 әскери қызметшіні ағызып әкеткені хабарланды. Кейін Маңғыстау облысының әкімдігі бұл деректі нақтылап, олардың саны 17 адам екенін мәлімдеді.
Үш адамды құтқару мүмкін болды, 14 әскери қызметші қаза тапты.
Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олар 453-бабының 2-бөлігі – «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» және 465-бабы – «Кеме жүргізу қағидаларын бұзу» деп аталады.
Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табу себептерін тергеу жөнінде үкіметтік комиссия құрылды. Оны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, 25 қыркүйекті аза тұту күні деп жариялады.
Маңғыстауда әскери қызметшілер қаза тапқаннан кейін Қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды бес қызметкері ұсталды.
26 қыркүйекте Президент «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіндегі істің жай-күйін кешенді тексеру жөніндегі комиссия туралы» өкімге қол қойды.
27 қыркүйек күні таңертең Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов осы оқиғаларға байланысты орнынан алынып, оның орынтағына Айдос Мырзахметов отырды.
USD




