АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Ресейде және әлемде Ресейдің соғысына қарсы акциялар жүріп жатыр

МӘСКЕУ. 24 ақпан. Бүгін Ресейдің көптеген қалаларында және әлемнің түкпір-түкпірінде Ресейдің Украиндағы басқыншылық соғысына қарсы әртүрлі акциялар болып өтті. Бұл туралы «Настоящее время» хабарлады.

Бұдан тура бір жыл бұрын, 24 ақпанда Ресей Украинаға басқыншылық соғыспен басып кірді. РФ армиясы украинның бейбіт қалаларын, азаматтық инфрақұрылымдарын және әскери стратегиялық нысандарын атқылаудың астына алды, оккупанттар танктері тек Донбасс жеріндегі шекараны ғана емес, сондай-ақ Киев, Сумы, Харьков және Херсон облыстарының шептерін де кесіп өтті. Осы бір жылдың ішінде Украина халқының үштен бірі, яғни 16 млн адам үйлерін тастап, босып кетті, мыңдаған бейбіт тұрғын өлтірілді, әр қилы «азап лагерьлерінде» қорланды, көптеген әйелдер мен қыздар зорлыққа ұшырады, жүздеген жас бала қыршындарынан қиылды, әлеуметтік, мәдени және энергетикалық нысандар қиратылды.

Агрессор елдің Украина жеріндегі кең ауқымды соғысына қарсылық білдіру нышандары Ресейдің көптеген қалаларында орын алды, сондай-ақ шет елдерде де Украинаға ынтымақтастық білдірушілер көптеп кездесті.

РЕСЕЙ

Хабаровскіде 24 ақпан күні таңертең полиция қызметкерлері президент Путиннің Бірінші арнадағы эфирінен алынған суретін алып пикетке шыққан белсенді Николай Зодчийді ұстады.

Владивостокта соғысқа қарсы плакат ұстаған жергілікті тұрғынды учаскеге алып кетті. Ақырында екеуін де хаттама толтырмай босатып жіберді.

Екатеринбургте «Молодежное Яблоко» белсенділері соғысқа қарсы акция өткізуге жиналды.

Магнитогорскіде бір қыз «Путин бізге патша емес, соғысқа жол жоқ!» деген плакатпен бүкіл ел халқының ойын білдірді (жоғарыдағы суретте).

Санкт-Петербургте бір ер кісі украин кобзарі Тарас Шевченконың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Иркутскіде бір әйел «РФ әскерлерін Украинадан шығаруды талап етемін!» деген плакат ұстап тұрды (суретте).

Амурдағы Комсомольскінің Ленин атындағы алаңында Надежда Филимонова пикетке шықты. Бұл кісі бұған дейін мұндай акциялардың бірнешеуін өткізген. Бұл жолы полиция оны бес минуттан кейін «Қайғырып көңіл айтамыз. Бізді кешіріңіздер, біз елге т..штық» деген плакатымен бірге алып кетті. Оған Ресей армиясын «қорлады» деген айып тағылды. Бірақ сот құжатта қателік бар екеніне сілтеме жасап, полиция қызметкерлерінің хаттамасын қабылдаудан бас тартты.

Нижний Новгород облысындағы Выкса қаласының депутаты Дмитрий Мочалин ұсталды. Ол көшеге «Украинаға – бейбітшілік берілсін, солдаттар – үйлеріне қайтсын!» деген плакат алып шықты.

Жалғыз-жарым пикетті Ленинград облысында бизнесмен Дмитрий Скурихин (суретте) өткізді. Ол өзінің дүкендерінің қабырғаларына Кремльге қарсы шығып, Украинаны қолдайтын сөздер жазып қоятынымен белгілі болған

Мәскеуде жұрт бірнеше сағат бойы украин ақыны Леся Украинканың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Мәскеу түбіндегі Королев қаласында полиция пикетші қыздарды ұстады.

Пермьде Тимирязев көшесіндегі дуалға белгісіз біреулер «Маzқараның бір жылдығы» деген баннер іліп кетіпті (суретте).

Мұндай стихиялық акциялар Мурманск, Новосібір, Томск, Челябинск және Қазан қалаларында да орын алды.

Вологдада жұрт сталиндік репрессия құрбандарының ескерткішіне көк лентамен байланған сары гүлдерді әкеп қойып жатты.

АВСТРАЛИЯ

Сиднейдегі акция жаяу жүргіншілердің Мартин-плейс аллеясында өтті. Белсенділер Украинаны қолдаған плакаттар мен Украинаның жалауларын алып шықты.

ИЗРАИЛЬ

Израильдің Хайфа қаласындағы Ресей елшілігі жанында ресейлік белсенділердің акциясы өтті. Оған 200-ге жуық адам жиналды. Келушілер соғыстың жедел тоқтатылуын талап етті. Жергілікті полиция шерушілерден тек жолды жауып, көліктер қозғалысын тоқтатпауды сұрады. Себебі, олар жол бойына шығып кетіп жатты.

Тағы бір акция Тель-Авивте, сондағы Габим театрының маңында болды. Онда Украинаға қолдау көрсету тілегімен йудей дұғалары оқылды.

ҰЛЫБРИТАНИЯ

Лондонда бір күн бұрын Ресей елшілігі ғимаратына баратын жолдың жүргіншілер жақ беті Украина жалауы кескініндей етіліп боялды. Қоғам белсенділерінің бір тобы өздерінің Украинамен ынтымақтастықтарын осылай білдірді.

ГРУЗИЯ

Тблисиде өткен митингіде украинның гимні ойналып, Украина мен Грузияның жалаулары желбіреді. Президент Саломе Зурабишвили Ресейдің «өзі мәлімдеген соғыс мақсаттарына жетуде жеңіліске ұшырағанын» баяндады.

ҚАЗАҚСТАН

Астанада соғысқа қарсы наразылық акциясын өткізгені үшін Адам құқығы жөніндегі бюроның жергілікті филиалының басшысы Артур Алхастов полиция құрығына түсті. Ол осындай шара жасайтыны жайлы билікке алдын ала ескерткен көрінеді. Бірақ ешқандай жауап ала алмаған.

Ақтауда полиция аула сыпырушылардан жұрттың Тарас Шевченко ескерткішіне әкеп қойып жатқан гүл шоқтарын алып тастауларын талап етумен болыпты.

Алматыда да бір топ адам Тарас Шевченконың ескерткіші түбіне жиналып, өздерінің Украина жеріндегі әділетсіз басқыншылық соғысына қарсы екендіктерін білдірді.

Мұндай акциялар бұл күні Берлин (Германия), Рига (Латвия), Варшава (Польша), Минск (Беларусь), Бішкек (Қырғызстан) қалаларында да орын алды.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button