Жаңалықтар жаңғырығы

Францияда матчтан соң Марокко фанаттары тәртіпсіздікті бастады

ПАРИЖ. 15 желтоқсан. Түнде Франция құрамасы Марокконы әлем чемпионатының жартылай финалында ұтқаннан кейін француз жерінде жаппай тәртіпсіздік орын алды. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.

Екі ел құрамаларының фанаттары Париж, Ницца, Монпелье, Авиньон секілді көптеген қалаларда өзара қақтығысты, бір-бірлеріне тас атып, пиротехника қолданды. Екі жақтан да жарақаттанып қалғандар бар.

Le Figaro газетінің жазуынша, Ниццада тәртіпсіздіктер Массен алаңында өрбіген. Осы жерде француз және марокко жанкүйерлері бір-бірлеріне петарды атып, тас пен бөтелке лақтырған, сондай-ақ контейнердегі қоқыстарды шашқан. Тобырды тарату үшін полиция көзден жас ағызатын газ пайдаланған.

Париждегі Елисей алаңы да екі ел футбол фанаттарын қақтығысының орталығына айналды. Мұнда жиналған жүздеген жанкүйер фаерлерді жақты, бірақ соңы тәртіпсіздікке ұласқан жоқ. Қалаға қосымша тағы 5 000 полицей әкелінді. Алдында ішкі істер министрі Жеральд Дарманен бүкіл елде тәртіпті қамтамасыз ету үшін 10 000 әскери күш тартылатынын мәлімдеген еді.

Қақтығыстар тек Францияда ғана емес, сонымен қатар Бельгияда да болып жатты. Мароккодан шыққан арабтар диаспорасы көбірек шоғырланған Брюссельде полицейлер фанаттарға көзден жас ағызатын газ қолданды. Олар жауап ретінде тәртіп сақшыларына тас жаудырды.

Өткен түнде ойналған жартылай финалдық екінші жұпта Франция құрамасы Марокко командасын 2:0 етіп ұтып, финалға жолдама алған еді. Енді жексенбі күні ол Аргентинамен чемпиондық атақ үшін таласады. Ал сенбі күні Хорватия мен Марокко футболшылары қола медаль үшін күш сынасады.

Марокко құрамасы Африка құрлығынан осы кезге дейін жартылай финалға шыға алған бірінші команда болып отыр. Осының өзі бұл ел футболшылары үшін орасан зор табыс болып саналады.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button