Еуропа одағы Путиннің «Валдайдағы» сөздерін Оруэллдің сандырағына теңеді
БРЮССЕЛЬ. 28 қазан. Еуропа одағындағылар Ресей президенті Владимир Путиннің «Валдай» клубында сөйлеген сөзін «Оруэллдің сандырағы» деп бағалады. Бұл туралы DW («Неміс толқыны») хабарлады.
Сочидегі «Валдай» клубының жиыны 27 қазанда өтті.
«Путиннің сөздеріндегі «дұрыс емес» делінгендерді – «дұрыс» деп, ал «шындық» дегендерін «жалған» деп, бәрін керісінше қабылдау керек», – деп мәлімдеді ЕО-ның сыртқы саясат қызметінің өкілі Набила Массрали 28 қазан, жұма күні Брюссельде берген брифингінде.
Тап осы Ресей Украинаға қарсы заңсыз, себепсіз соғыс жүргізіп жатыр, тап РФ қарулы күштері Украинаның бейбіт тұрғындарына, әйелдер мен балаларға қарсы айуандық көрсетіп, соғыс қылмыстарын жасап жатыр, деп атап өтті ол. «Халықаралық құқықтар мен БҰҰ Жарғысын өрескел бұзып жатқан да Ресей, ал оның агрессиялық әрекеттері тек Еуропаның бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлемге зардаптары зор қатер төндіріп жатыр», – деп тарқатты Массрали.
Путиннің Киев «лас бомба» жасап жатыр деген байбаламын Еурокомиссияның өкілі негізсіз деп атады. «Ресей дәл бұрынғысындай, қазір де өзінің айыптауларын әлдеқандай айғақтармен дәлелдеп бере алмай отыр», – деген ол Мәскеудің 24 ақпанда кең ауқымды шабуылмен Украинаға басып кіруін ақтау үшін алға тартқан бұл елде биологиялық қару жасалып жатыр деген мәлімдемесінің де ойдан шығарылған жалған нәрсе екенін еске түсіріп өтті.
«Егер Ресей болмағанда, бұл соғыс та болмас еді. Мәскеу егер өзінің әскерлері мен әскери техникаларының бәрін бүкіл Украина территориясынан алып кетсе, бұл соғыс бүгін-ақ аяқталады», – деп сөзін түйіндеді Набила Массрали.
27 қазанда РФ президенті Владимир Путин «Валдай» пікірталас клубының отырысында сөйледі. Ол өз сөзінде Ресей ядролық қару қолданатын болып қоқан-лоқы жасаған жоқ, тек батыс лидерлері тарапынан жасалған «ядролық бопсаға» жауап қайтарды деп сандалды. Путин сондай-ақ Украина «лас бомба» жасап алып, онымен Ресейді айыптамақшы болды дейтін ойдан шығарылған сандырақтарын тағы қайталап өтті. Бұдан бөлек, РФ президенті «батыстағы әріптестерін» өзіне ғана түсінікті, қайдағы бір «дәстүрлі құндылықтардың» іргесін бұзды деген абстрактылы айып-шаммен қараламақшы болып бөсіп кетті.