РФ Орталық банкі мен қаржы министрлігі «ұрлап» ақша бастырып жатыр
МӘСКЕУ. 13 тамыз. Ресей Орталық банкі санкциялар енгізілгеннен кейінгі бюджеттің кемістігін толтыру үшін астыртын түрде ақша бастырып шығаруға кірісіп кетті. Бұл туралы The Moskow Times хабарлады.
«Ресейдің қаржы билігі санкциялардан кейін сансырап қалған федералды бюджетке қолдау көрсету және мемлекеттік корпорацияларға құйылыс жасау үшін ешбір анонссыз және есеп берусіз рубль эмиссиясына бастады», – делінген хабарламада.
Қаржы министрлігінің статистикасына сәйкес, ұлттық әл-ауқат қорынан екі айдан бері шетел валютасы «жоғалып» кетіпті.
Бірақ қаржы министрлігі бұл ақшалардың қайда, қандай мақсатпен жұмсалып кеткені жөнінде бұрынғыдай түсіндіріп айтпайды.
Мұның орнына Орталық банк екі айдың ішінде қаржы министрлігі үшін 100, 4 млрд рубль басып шығарған. «Қазіргі мөлшер экономика үшін оншалықты қауіпті емес. Алайда, есеп триллиондар төңірегіне бара бастаса, жағдай күрт өзгеріп, нашарлап сала береді», – деп ескертеді аналитиктер.
Дегенмен, мұны да ұзақ күтудің реті болмады. Жақында өткен қауіпсіздік кеңесінің отырысында «баспа станогын» барынша қарқынды іске қосып, жаңадан триллиондаған ақша басып шығаруға шешім шығарылды. Биылғы жылдың өзінде федералды орталық банк 4 трлн рубль көлемінде ақша шығарып, бюджет тапшылығын жаппақшы болып отыр.
Ал алдағы жылы бұл көлем көбеймесе, азая қоймайтын шығар. Сол кезде «сабан рубль» бұл елмен сауда байлынысын жасап отырған Қазақстанға да соққы болып тиері анық.