Мұхтар Шахановқа Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді
АСТАНА. 16 маусым. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, белгілі ақын, драматург, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановқа Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 маусым күні тиісті Жарлыққа қол қойды. Ол Ақорда сайтында жарияланды.
Президент құжатта «Қазақ әдебиетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін жазушы Мұхтар Шахановқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын». – деп атап көрсетеді.
Мемлекет басшысының өзі бұл жаңалықты бүгін Ұлытау жерінде өтіп жатқан Құрылтайдың соңында жиналғандарға жеткізді. Ол марапат егесіне осы жерде «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының құжаты мен «Отан» орденін тапсырды.
«Құрылтайды барша жұртымыз үшін жағымды жаңалықпен аяқтағым келіп отыр. Кеше даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілгенін білесіздер. Ол – Әнұранымыздың авторы, Ұлт руханиятында ерекше орны бар аса көрнекті тұлға. Біртуар сазгерге құрмет көрсету – перзенттік парызымыз. Шәмшіні халқымыз «Қазақ вальсінің королі» деп қадірлейді. Шәмшінің әндері қашанда халықтың жүрегінде, ешқашан құндылығын жоймайды. Оның ақын Мұхтар Шахановпен бірлесіп жазған әндері елге кеңінен танымал. Әйгілі композитор мен атақты ақынның достығы – барша жұртқа үлгі. Жақында Шәмшінің іні-досы Мұхтар Шаханов сексен жасқа толады. Оның шығармашылық еңбегі қандай құрметке де лайықты. Ол – өте шыншыл, адал, ұлтжанды адам. Мен бүгін Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Еліміздің ең жоғары марапатын ақынға Ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде тапсырғанды жөн көрдім», – деді Президент өз сөзінде.
Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 ішлдеде Оңтүстік Қазақстан (қазір – Түркістан) облысы, Ленгер (қазір – Төле би) ауданы, Қасқасу ауылында туған. Қазақстан халық жазушысы. Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Ұзақ жылдар Желтоқсан оқиғасын зерттеумен, Арал экологиясы мәселесімен айналысты.