АСТАНА. 20 сәуір. Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, ақын, драматург, композитор Мұхтар Шаханов 84 жаста қайтыс болды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ақын, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық жазушысы, Қырғыз Республикасының халық ақыны Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, дос-жарандары мен қалың қазақ жұртына қайғыра көңіл айтты.
«Мұхтар Шаханов шоқтығы биік шығармалар жазып, поэзияны азаматтық ұстаныммен ұштастыра білген біртуар тұлғалардың бірі еді. Оның өлең әлеміне өрісті өрнек, жаңаша тыныс әкеліп, қазақ поэзиясының дамуына өзіндік жаңалық, тереңдік дарытқан шығармалары руханиятымыздың құнды қазынасына айналды. Қоғамдағы күрделі мәселелерге үн қосып, ел мен жер тағдырына қатысты ойлы да отты пікір айтып, өзіне ғана тән азаматтық биік ұстанымның үлгісін көрсетті. Мұхтар Шахановтың қайсар мінезі, өр рухы, әділет жолындағы табандылығы мен елдік мүдде алдындағы адалдығы жұрт жадында мәңгі сақталады. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алланың рақымы мен мейірімі жолдас болып, рухы пейіште шалқысын», – деп жазды министр Facebook әлеуметтік желісінде.
Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан (қазіргі – Түркістан) облысы Леңгір (қазіргі – Төле би) ауданының «Қасқасу» ауылында туған. Қыпшақ тайпасы Торы тармағының Көкмұрын (Құдайменді) руынан шыққан.
1969 жылы Шымкент педагогикалық институтын бітірген.1960-1965 жылдары облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде тілші, 1965-1970 жылдары республикалық «Лениншіл жас» газетінің меншікті тілшісі болып қызмет атқарған, 1971-1975 жылдары республикалық телевизия, радио редакцияларында істеді. 1976 жылдан Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінде бөлім бастығы болды, 1984 жылы «Жалын» альманахының, 1986 жылы «Жалын» журналының бас редакторы болып тағайындалды. 1986 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы болып сайланды.
1972 жылы «Танакөз» поэмасы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, 1982 жылы КСРО Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.
Ол 1993–2003 жылдары Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, 2004–2007 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.
Мұхтар Шаханов 1988 жылы республикада тұңғыш құрылған экологиялық қозғалыс – Арал және Балқаш проблемалары жөніндегі қоғамдық комитеттің төрағасы болып сайланды, 1989-1991 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Ал 1989 жылы КСРО халық депутаттарының І-ші съезінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына орай қазақ халқына «ұлтшыл» деп кінә таққан КОКП Орталық комитеті Саяси Бюросының қаулысына қарсы шығып, батыл мінез көрсетті.
Мұхтар Шаханов 1988 жылы бұдан 62 жыл бұрын «ислам дінінің қалдығы» деген желеумен Кеңестер Одағының тоталитарлық жүйесі тойлауға тыйым салған Наурыз мейрамының қайта тойлануына да мұрындық болды.
1992 жылы ол Олжас Сүлейменовпен бірлесіп «Халық конгресі» партиясын құрды. 2001 жылдан «ХХІ ғасыр және Руханият» атты халықаралық элита клубының президенті болды. 2004 жылдан «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы еді.
Ақын-драматургтің қаламынан туған шығармалар «Бақыт» (1966), «Балладалар» (1968), «Ай туып келеді» (1970), «Қырандар төбеге қонбайды» (1974), «Сенім патшалығы» (1976) деген аттармен кітап болып шықты.
Ол сонымен қатар халық көңілінен шыққан бірнеше әннің авторы. Ал мәтінін де, музыкасын да өзі жазған «Әке туралы жыр», «Жұбайлар жыры», «Туған күн кешінде», «Гүл дәурен», «Мен саған ғашық едім» секілді әндері жұртшылыққа кеңінен таныс.
Драматургтің «Махаббат заңы», «Сенім патшалығы», «Сократты еске алу түні» атты драмалары республикамызда және шетел театрларында қойылған. Ш. Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабы мен «Сократты еске алу түні» атты драмасы көптеген тілдерге аударылған. «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» драмалық туындысы негізінде Украинаның Довженко атындағы киностудиясы екі сериялы телефильм шығарды.
Мұхтар Шахановтың «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты романдары ЮНЕСКО шеңберінде қаралып, әлемдік деңгейде қызу пікірталас тудырды. Оның шығармалары дүние жүзінің 50-ден астам тілдеріне аударылды.
Қош бол, қазақтың біртуар айтулы азаматы, туған халқының талантты перзенті.
Аяулы ағамызға соңғы жылдары екі бірдей ұлының қайтыс болуы қатты батып кетті. Енді Алла өзін де алдынан жарылқасын.
USD



