Ұйғыр ауданының атауын өзгерту жөнінде жұмыстар жүріп жатыр
ТАЛДЫҚОРҒАН. 31 мамыр. Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев жұртшылыққа Ұйғыр ауданының атауын ауыстыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы «Экспресс К» хабарлады.
Қоғамдағы көптен бері сөз болып, қозғалып келе жатқан мәселенің бірі осы. Халық Президентке жазған хаттарында да, әлеуметтік желіде де аудан атауын бір ұлттың атына таңып қоюға болмайтынын, мұның түбінде сепаратистік көзқарастың туы мен өршуіне алып баратынын айтып, ескертіп келе жатқан болатын. Оның үстіне, бұл ауданның аумағы – ежелдене ешбір талассыз қазақтың төл жері. Ұйғыр ағайынның Шың жерінен кейін көшіріліп әкелінгені тарихтан белгілі.
Аталмыш мәселені көтергендер арасында Парламент депутаттары да бар.
Мәселе көтерушілер ауданның ендігі атауы қалай болуы керектігі жөнінде де өз пікірлерін айтып келеді. Олардың арасында Қарадала мен Әлмерек атаулары жиірек ауызға алынып жүр.
Бүгін Қанат Бозымбаев Ұйғыр ауданында болып, жергілікті халықпен кездесті. Жиын барысында ауданның атауын өзгерту жөнінде мәселе тағы көтерілді.
Аймақ басшысы осыған орай былтырғы жылғы желтоқсан айында тұрғындармен кездескен кезінде ақсақалдардың осы мәселені алға шығарғандарын, бұл өңірдің тарихи атауын анықтау үшін ғалымдардың бұл іске қосылуын сұрағанын айтты.
Әкім соған байланысты Тіл институты мен Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты қорытынды сараптама жасағанын, оның содан кейін тиісті мемлекеттік органға ұсынылғанын жеткізді.
«Әзірше нақты бір саяси шешім қабылданған жоқ. Дегенмен, қазір алдын ала жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді Қанат Бозымбаев.