Министр сахнада Туымызды қорлаған топқа қатысты ойын айтты
АСТАНА. 28 мамыр. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «Ирина Кайратовна» тобының бейбастақ әрекеттеріне қатысты өз пікірін білдірді. Бұл туралы Halyq Uni хабарлады.
Оқиға аталмыш топтың Алматыдағы концерті кезінде орын алып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Желі пайдаланушылар өнерпаздардың көргенсіздіктеріне – сахнада бейпіл сөйлеулері, боғауыз айтулары, еліміздің рәмізін мазаққа айналдырулары жайларын қатаң сынға алды. Олар осындай әрекеттерге барған бұзақылардың қылмыстық жауапқа тартылуларын талап етті.
Министр Дәурен Абаев осы оқиғаға байланысты әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің ойын жазды. Оның сөзінше, аталған концертті ұйымдастыруға Мәдениет және спорт министрлігінің қатысы жоқ.
«Мәдениет және спорт министрі әрі Қазақстан азаматы ретінде мен сахна төрінде келеңсіз жағдайдың орын алуына мүлдем қарсымын. Сахна – киелі орын. Сахна мәдениетін сақтамағандарды, бейәдет сөйлегендерді, олардың бәрін былай қойғанда елдігіміздің нышаны саналатын қастерлі атрибуттарымызға құрметсіздік танытқандарды ешқандай ақтап алуға келмейді. Жағдайға қатысы бар азаматтар өз қателігін ескеріп, сабақ алады деп ойлаймын. Дегенмен концерт ұйымдастырушылары міндетті түрде жауапқа тартылуы керек. Халықтың ашуы орынды. Көк Туымыздан ешқайсымыз биік емеспіз», – деді министр.