Назарбаев барлық артықшылықтарынан заң жүзінде айрылады
АСТАНА. 25 сәуір. Жаңадан қабылданғалы жатқан Конституцияда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық артықшылықтары алынып тасталғалы тұр. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Бүгін Конституциялық реформа жөніндегі жұмысшы тобының мүшесі Ермек Әбдрасулов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген брифингінде осыған қатысты біраз жайттардың бетін ашты.
Атап айтқанда, Жаңа Конституцияда Елбасы – Тұңғыш Президенттің мәртебесі мен өкілеттігі туралы 46-бап алып тасталады. Бұл өзгерістер негізінде «Елбасы» деген термин де Ата заңнан алынады. Бұған қоса, 46-баптағы ерекшеліктер мен Елбасыға қатысты басқа да түзетулер, яғни отбасына қол сұғылмаушылық ережесі алынып тасталатын болады.
Брифингте тек Тәуелсіздіктің негізін қалаушы деген тарихи мәртебесі 91-бапта жазылатыны атап көрсетілді. .
«Бүгінгі басты жаңалық – сенсация, автократия мен непотизмді жоққа шығару! Заң алдында бәріміз бірдейміз. Екінші Республика – Жаңа Қазақстан ның бірінші жаңалығы осы!» – деп жазды белгілі журналист Махат Садық Facebook әлеуметтік желісінде.
Мұның соңынан енді «Тұңғыш Президент туралы» Заңның да күшін жоюға болады.
Әлеуметтік желіде сондай-ақ бұрынғы президенттің «Тәуелсіздіктің негізін қалаушы» деген тарихи мәртебесі туралы жазылатыны жайлы мәлімдемеге әлеуметтік желіде қарсылық білдіріп жатқандардың қарасы өте көп.
Шынында, «тәуелсіздіктің негізін қалаушы» деген мәртебе өте күмәнді. Біз бәріміз тәуелсіздіктің қалай келгенін, оның Одақ алаңсыз тарап кеткен соң төрт күннен кейін амалсыздан жарияланғанын жақсы білеміз. Бұл тарихи жағынан – әділдікке, саяси жағынан сауаттылыққа жатпайды. «Мемлекеттің негізін қалаушы» мәртебесі оны күреспен жеңіп алған тұлғаларға ғана беріледі. Ал сайланбалы жолмен президент болып келген адам еш уақытта да мемлекеттің негізін қалаушы бола алмайды.