Adyrna ұлттық порталының әлеуметтік желілерде жариялаған экономист Жанкелді Шымшықовпен сұқбатында «1998 жылы той кезінде ел кіндігінің атауы Қырғызстанның сол кездегі президенті Асқар Ақаевтың ұсынысымен «Астана» деп аяқ астынан ауыстырылып кеткені» туралы ағат пікір таралып жүр. Бұл шындыққа мүлде үйлеспейді.
Сол оқиғалардың ортасында болған, кезінде «Қазақстан» телеарнасының «Ақшам» жаңалықтар қызметінің басшысы қызметін атқарған куәгер ретінде оқиғаларды ретімен баяндап берейін. Сол кездегі Мемлекет басшысы 1996 жылы 9 желтоқсанда Ақмолаға түбегейлі қоныс аударды. Осы ұшақпен мен де Ақмолаға келдім. Ертесіне, 10 желтоқсанда Ақмола Қазақстанның жаңа астанасы деп жарияланды.
Ақмоланың астана ретіндегі тұсаукесері 1997 жылғы 10 маусымға белгіленілді. Көрші мемлекеттер президенттерінің, Асқар Ақаевтың да Ақмолаға алғаш келгені сол 10 маусымда. Ақмола атауы 1997 жылы 6 мамырда «Астана» болып өзгерді. Бұл – Ақаевтың келуінен бір ай (!) бұрын. Яғни қала атауының өзгеруіне Асқар Ақаевтың ешқандай қатысы жоқ.
6 мамыр күні қала атының өзгеруіне байланысты ресми Жарлық қолымызға тиісімен кешкілік эфир бағдарламасында диктор оқуы үшін мәтін дайындауға кірістік. «Астанамыз Астанадан хабарларымызды бастаймыз» деп жазайық десек біртүрлі қисынсыз әрі күлкілі. Содан ары ойланып, бері ойланып, тарихымызда «Ақорда», «Көкорда» атаулары болып еді ғой. Еліміздің жаңа ордасы емес пе?! Сондықтан «Елорда» десем қайтеді» деген ой санамда жарқ ете қалды. Сөйтіп, дикторлар жазылған мәтін бойынша «Елордамыз Астанадан хабарларымызды бастаймыз!» деп сұңқылдап ала жөнелді. Жоғары жақтан біреу-міреу сын айтып қала ма деген қауіп те қылаң береді. Әйтеуір ешкім ештеңе деген жоқ.
Бір аптадан кейін «Елордамыз Астана» деген тіркес Президент аузынан шыққан бойда бүкіл көшедегі бильборд, тақталарда «Елорда» сөзі көзге ұрып тұрды. Әріптестерімізден жеткен деректерге қарағанда «Астана» атауын ұсынған Әбіш Кекілбаев көрінеді.
Сөйтіп арасында «Нұрсұлтан» болып адасып кетіп, өз атауына қайтып оралған Астана бүгінде ел кіндігі мәртебесін тұрақты иеленіп тұр.
Қазақстанның жаңа Конституциясы 2 бабының 4 тармағында «Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласы. Елорда мәртебесі конституциялық заңда айқындалады» делінген. Ата заңымызда біздің журналистік ізденістерімізден туған «Елтаңба», «Әнұран», «Елорда» терминдерінің көрініс тапқаны – мен үшін үлкен мақтаныш.
Марат ТОҚАШБАЕВ,
жазушы-публицист
АЛМАТЫ
USD




