Бір еркек бес адамды садақпен атып өлтірді
ОСЛО. 14 қазан. Норвегияда садақпен қаруланып алған бір ер кісі бес адамды атып өлтірді. Бұл туралы «Би-би-си» хабарлады.
«Норвегияның Кунгсберг қаласында садақпен қаруланып алған ер кісі бес адамды атып өлтіріп, тағы екі адамды жарақаттады. Шабуыл жасаушыны полицейлер ұстады», – делінген хабарламада.
Полиция жергілікті уақытпен 18:13 сағатта Кунгсбергтің орталығында қарулы еркектің кетіп бара жатқаны жайлы бірнеше хабар алады. Кейін оның садақпен қаруланғаны анықталады.
Қалалық полиция бөлімшесінің бастығы Ойвинд Аас баспасөз мәслихатында әзір оқиғаға байланысты ештеңе айта алмайтынын мәлімдеді. Себебі, тергеу енді ғана қолға алынды, ал кең ауқымды зерттеу сосын жүргізіледі.
Ол садақ атушы адамның қамауға алынғанын, мәлімет бойынша, оның бір өзі ғана әрекет еткенін баяндады.
Белгілі болғандай, күдікті атысты Coop Extra супермаркетінде бастап кетеді. Одан кейін сыртқа шығып, атысын жалғастыра береді.
Мұндай қарақшылықтың себебі белгісіз.