АРАЛ. 18 қыркүйек. Бүгін Қызылорда облысының Арал ауданында қайта жаңғыртылған Арал теңізі теміржол вокзалының ашылу салтанаты болып өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осыған арналған салтанатты рәсімге Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев, Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы, Мағжан Ералиев, Ирина Тен, сондай-ақ мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

Вокзал Мемлекет басшысының теміржол инфрақұрылымын жаңғырту тапсырмасы негізінде жаңаша келбетке келтірілді. Қазіргі таңда еліміздегі 124 вокзалда осындай жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында Қызылорда облысындағы 7 теміржол вокзалы, 2 қызмет көрсету пункті және Талап бекетіндегі жолаушылар платформасы бар.
Аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев іс-шарада сөйлеген сөзінде жаңғыртылған вокзалдарда жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалғанын, бұл өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға жаңа серпін беретінін атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі теміржол вокзалдары жаңартылуда. 2024 жылы Қызылорда теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, оған іргелес аумақ толық абаттандырылды. Жаңақорған, Шиелі, Қазалы және Сексеуіл теміржол вокзалдарындағы, Талап бекетінің жолаушылар платформасындағы жұмыс толық аяқталып, бұл нысандарда келушілерге қызмет көрсетілуде», – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, биыл өңірімізде 80 шақырымнан астам теміржол күрделі жөндеуден өтуде. Жалағаш және Тереңөзек кенттеріндегі қызмет көрсету пункттері де жаңғыртылу үстінде.
«Бүгін Төретам, Жосалы теміржол вокзалдарын да ел игілігіне табыстаймыз. Вокзалдарды қайта жаңғырту және күрделі жөндеуге 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.Жаңа ғимараттардың сапасы, қызмет көрсету деңгейі облыс аумағынан өтетін қонақтар мен туристердің оң бағасын алып, өңіріміз туралы жақсы әсер қалыптастырады деп сенеміз», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Рәсімде Құрылтай депутаты Ирина Тен сөз сөйлеп, жерлестерін осы ақжарма қуанышты оқиғамен құттықтады. Ал Арал ауданының құрметті азаматы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Алдаберген Жоланов бата берді.
Жиында теміржол саласында ұзақ жыл еңбек еткен сала қызметкерлері мен вокзал құрылысын салған мердігер мекеме өкілдеріне облыс әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.
Айта кететін жайт, Арал теңізі теміржол вокзалы 1905 жылы «Орынбор – Ташкент» теміржол желісінің құрылысы кезінде салынған. Ғасырдан астам уақыттан соң жаңарған ғимарат заманауи талаптарға сай қайта жабдықталып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды. Мұнда тәулігіне – 600, бір мезетте 224 жолаушыға қызмет көрсетіледі. Қайта жаңғыртуға 1,7 млрд теңге қаржы жұмсалды.
«Техоснастка ремсервис» компаниясы құрылысты өткен жылы қараша айында бастаған. Вокзалда ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, жүк сақтау қоймасы, күту залы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға лифт қарастырылған. Одан бөлек, шағын асхана, кафетерий және санитарлық-тұрмыстық орындар бар.

USD




