ОМБЫ. 25 шілде. Екі мемлекет арасындағы бұл жанжалдың табиғаты түсініксіз екенін мәлімдеген Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік әріптесі Владимир Путинге Украинадағы соғысты аяқтауды ұсынды. Бұл туралы The Moscow Times ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Мемлекет басшысы бүгін Омбыда өтіп жатқан ХХІІ Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумында Владимир Путинді Украиндағы соғысты тоқтатып, бұрын басталған келіссөздерге қайта оралуға шақырды.
«Бәлки, жанжалды тоқтатып, Ыстамбұл келіссөздеріне қайта оралу керек шығар. Әрине, АҚШ секілді ұлы державаның кепілдікке алуы аясында», – деп мәлімдеді Тоқаев.
Қазақстан Президентінің айтуынша, оған «Еуропа мен АҚШ-тан РФ мен Украина жанжалы жөнінде көптеген дабылдар» келіп жатады, сондықтан Путинмен кездесу өтетінін білгендерінен кейін «жеткізу сұралған» сол ұсыныстарға қатысты осы позицияны ашып айтуға шешім қабылдаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұған «бұл жанжалдың табиғаты көпшілік үшін, соның ішінде біздер үшін де түсініксіз» дегенді қосып, «бауырлас халықтар – Ресей мен Украинаның қырылып жатқан жас жігіттеріне, генофондына обал… Мұның бәрін тоқтату керек. Өйткені, менің көзқарасым бойынша, қазір жүріп жатқан тірліктер түгел – бөгде ойлылардың діттегендерін болдырады, Ресейдің де, украин мемлекетінің де дұшпандарын қуантады», – деді Президент Қазақстанның Украинаға «қашанда құрметпен қарап келгенін», ал Ресейді «әрдайым ұлы мемлекет санағанын және санайтынын» айта келіп.
Владимир Путин өз кезегінде бұған жауап ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты «украин бағытында жүріп жатқан істер» жайымен, яғни ондағы ұрыс қимылдары барысымен» таныстырып өтті.
«Украина бағытына келсек, онда мен біздің бүгінгі әңгімеміздің барысында барлығын бүге-шігесіне дейін хабардар етемін», – деді ол.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, өзіне ұсыныс түскеніне қарамастан, Ресей мен Украина арасындағы жанжалдың бітімгері болудан бас тартатынын мәлімдеді. Қазақстан сырттағы ел болып табылмайды, деді Тоқаев Омбыда екі елдің өңіраралық ынтымақтастық форумы алдында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі кезінде», – деп жазады ТАСС агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыға келген бойда өз әкесі, майдангер, жазушы, қазақ детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевқа арналған ескерткіш тақтаға гүл шоғын қойды. Ол Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Белоруссия, Украина жерлерінде соғысқан, Сталинградты қорғауға қатысқан. Польша аумағында аяғынан ауыр жарақат алып, әуелі Гомельде, сосын Омбы госпитальдарында емделген. Президент Омбы госпиталінде де болды.
USD




