ЩУЧИНСК. 26 маусым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының Щучинск қаласында өткен «Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында сөйлеген сөзінде 1 шілдеден бастап елімізде жаңа дәуірдің басталғалы тұрғанына назар аударды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Президент өз сөзінде 1 шілде күні мемлекетіміздің Бас құжаты – Конституция заңды күшіне енетінін, осылайша, ел дамуының мүлдем жаңа дәуіріне қадам басатынымызды еске салды.
«Жаңа Конституция барлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың жаңғыруына негіз қалады. Мұндай күрделі өзгерістер еліміздің 35 жылдық тарихында да, одан бұрын да болған емес. Яғни Қазақстан сапалы ғылым негізінде өркендеу мен технологиялық өрлеу жолына түсті. Дегенмен қоғам бір мақсатқа жұмылып, ынтымақ-бірлік танытпаса, кез келген, тіпті мұқият сараланған мемлекеттік жоспардың өзі қағаз жүзінде қалады», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы осы ойдың жалғасы ретінде туған жер – Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ұмтылатын білімді, ерік-жігері мол отаншыл жастардың елімізді көркейтетінін атап өтті. Негізгі заңның түпкі мәні де осыдан көрінеді: Конституция шын мәнінде барлық парасатты және жасампаз күштерді, нағыз патриоттарды еліміздің стратегиялық бағдарының, яғни, реформалардың жалпыұлттық жоспары мен мақсаттары төңірегіне біріктіретін берік тұғырнама іспеттес.
«Жаңа Конституциямыз – барша халықтың, әсіресе, өскелең ұрпақтың адамгершілік және құқықтық бағдары, өмір жолындағы темірқазығы. Осы бағыттан айнымасақ, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаймыз, азаматтарымыз заң мен ел мүддесіне құрметпен қарайтын лайықты өмірге қол жеткізеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пайымынша, патриот болу дегеніміз – мемлекеттің саясаты мен стратегиясын іс жүзінде қолдау, ел игілігіне үлес қосу, туған жердің тағдыры үшін жауапкершілік алу. Демек…
«Осы қасиетті борыштың қатарында Отан қорғау ерекше, киелі парыз саналады. Әскери қызмет – азаматтықтың белгісі әрі қастерлі конституциялық міндет. Біз Қарулы күштерді дәйекті түрде жаңғыртуды қолға алдық. Армияға және әскери білім беру жүйесіне цифрлық технологиялар, жасанды интеллект пен даярлықтың озық стандарттары белсенді түрде енгізілуде. Бұл – заман талабы. Сондықтан қазіргі күрделі сын-қатерлерге төтеп беру үшін дайындығымыз сақадай-сай болуы қажет. Әрбір мүмкіндікті мемлекеттің іргесін бекемдеп, қуатын арттыруға пайдалану керек. Біздің негізгі міндетіміз – кәсіби деңгейі жоғары әскерилерді тәрбиелеудің тиімді жүйесін қалыптастыру», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы бұдан әрі.
Қазіргі уақытта әскерилер жан-жақты дамыған, қоғам өмірінің барлық саласына үлес қоса алатын үлгілі тұлға екенін көрсетуге тиіс. Бүгін арнайы келген Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледжді осындай табысты жұмыстың жарқын мысалы ретінде атауға болады. Биыл оқу орнының құрылғанына 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде колледж сержанттық құрамға 4,5 мыңнан аса жоғары білікті маман даярлады. Бұл бірегей тәжірибе халықаралық деңгейде жоғары бағаға ие болды.
Мемлекет басшысы еліміз өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына баса мән беретінін жеткізді.
«Алдымызда стратегиялық маңызды міндет тұр. Мемлекетіміздің басты құндылықтарын жете түсініп, жүрекпен қабылдайтын жастар тәрбиелеуіміз керек. Бұл құндылықтар – Тәуелсіздік пен Егемендік, елдің аумақтық тұтастығы, азаматтарымыздың заңды құқықтары мен бостандықтары, Қазақстанды Әділ, Құқықтық және Озық мемлекетке айналдыру. Әскер қатарындағы қызмет шынайы патриоттарды тәрбиелейтін маңызды, тіпті, басты мектепке айналғаны жөн», – деді ол сосын.
Президент бұдан әрі қазіргі кездері соғыс өрті тұтанып, әскери қақтығыстар ушыққан, мемлекеттер санкциядан көз ашпаған заманда өмір сүріп келе жатқанынымызды да ашып айтты.
«Әлемдегі ахуалды алдын ала болжау барған сайын қиындап барады. Осындай кезде ел келешегіне енжар қараудың салдары кейін өзімізге ауыр тиюі мүмкін», – деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда, Президент елімізде жасақталған «Жас сарбаз» қозғалысының айрықша рөліне назар аударды.
«Озық құндылықтарды дәріптейтін ұйымның қатарында 280 мыңнан астам мектеп оқушысы және студент бар. Әскери-патриоттық бірлестіктерде тәрбие алған азаматтардың көбі болашақ өмірін әскери қызметпен, құқық қорғау органдарымен және ұлттық қауіпсіздік жүйесімен байланыстырады. Мен Мемлекет басшысы ретінде жастарымыздың осындай ұмтылысын толық қолдаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазірдің өзінде елеулі табысқа қол жеткізіп, құрдастары мен ізінен ерген інілеріне үлгі көрсетіп жүрген жандар бар екеніне тоқталды. Ол осы жиынға Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтын тәмамдаған үздік түлек Арман Оңдасыновтың қатысып отырғанын сөз етті.
«Сонымен қатар бүгінгі іс-шараға «Айбын» халықаралық жарысының өткен жылдардағы жеңімпаздары келді. Жыл сайынғы әскери-патриоттық жиында еліміздің әр өңірінің және достас елдердің талантты жастары бас қосады. Мұның мәні зор. Орайлы сәтті пайдаланып, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан елдерінен келген қонақтарымызға бастаманы қолдап, оған белсенді қатысқаны үшін алғыс айтамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы аталған ауқымды жоба осы жылдар аралығында нағыз патриотизм мектебіне айналғанын, мыңнан аса жігіттер мен қыздарды бір тудың астына біріктіргеніне айрықша көңіл бөліп өтті.
USD




