ШЫМКЕНТ. 3 шілде. Шымкенттегі екі бірдей колледжд бойынша 1,3 млрд теңге ақшаның жымқырылуына қатысқан 5 қызметкер сот жүзінде жазаға тартылды. Бұл туралы Kazinform.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің және Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжінің басшылығы мен қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істің үкімін жариялады.
Сот материалдарына сәйкес, осы оқу орындарының құрылтайшысы Эльмира Дүйсенқызы аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптарымен кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім кесерде оның бұрын екі рет сотты болғаны ескерілді.
Іс бойынша қалған айыпталушылар да қылмысқа сыбайлас болғаны үшін түрлі мерзімге сотталды. Атап айтқанда, кадр бөлімінің басшысы Ботагөз Мырзахметова – 6 жыл 6 айға, колледж директоры әрі құжат жүзіндегі құрылтайшы – Нұргүл Ербакиева 6 жылға, бухгалтер Эльмира Сақтағанова – 6 жылға және бас бухгалтер Ғалия Жолдасова 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу дерегінше, 2018 жылғы тамыздан 2025 жылғы маусымға дейін Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі іс жүзінде білім беру қызметін жүзеге асырмаған. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінде ақылы бөлімде білім алған студенттер жалған бұйрықтардың негізінде Ұлттық білім беру деректер базасында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын студенттер ретінде заңсыз есепке алынған.
Сотта анықталғандай, осы студенттерге бөлінген бюджет қаражаты оқу орнының шығындарын өтеуге және коммерциялық несиелерді жабуға жұмсалған. Ал студенттер оқу ақысын өз қаражатынан төлеп келген.
Сондай-ақ сот кадр бөлімінің басшысы Ботагөз Мырзахметованың Ұлттық білім беру деректер базасына жалған мәліметтер енгізіп, студенттерді қабылдау туралы жалған бұйрықтар рәсімдегенін анықтады. Бухгалтерлер Ғалия Жолдасова мен Эльмира Сақтағанова құрылтайшы Эльмира Дүйсенқызының тапсырмасымен шәкіртақы төлеуге қатысты қаржылық құжаттарды рәсімдеп, бюджет қаражатын аударуға қатысқан. Колледж директоры Нұргүл Ербакиева жалған орындалған жұмыстар актілеріне қол қойып, несие рәсімдеген.
Сот мәліметінше, қылмыстық сызба 2025 жылдың маусымына дейін жалғасып келген.
«Қылмыстық ниетті жүзеге асыру мақсатында жалған құжаттар рәсімделіп, орындалған жұмыстар актілеріне қол қойылып және Ұлттық білім беру деректер базасына жалған мәліметтер енгізілген. Нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы 1 млрд 351 млн 527 мың 344 теңге көлемінде шығын келген», – делінген сот хабарламасында.
Сот Эльмира Дүйсенқызына қатысты мемлекеттік органдардың азаматтық талаптарын қанағаттандырды. Осы ретте Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының пайдасына 346 млн 315 мың 344 теңге (тергеу барысында сотталушылар тарапынан ерікті түрде өтелген 65 млн теңге шегерілген), Түркістан облысы білім басқармасының пайдасына 940 млн 212 мың теңге, сондай-ақ мемлекет кірісіне 12 млн 865 мың 273 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж өндірілді.
Сондай-ақ Алматы қаласындағы Hilltown Residence коттедж қалашығында орналасқан тұрғын үй мемлекет кірісіне тәркіленді. Сот бұл мүлік жымқырылған бюджет қаражатына сатып алынған деген қорытындыға келді. Сонымен қатар Шымкент қаласындағы пәтерге қойылған тыйым сақталды.
Ал басқа сотталғандардың мүлкіне салынған тыйым алынып тасталды, өйткені мемлекеттік органдардың азаматтық талаптары тек Эльмира Дүйсенқызына қатысты қойылған.
Бұдан бөлек, барлық бес сотталушыдан жәбірленушілерге өтемақы қорына әрқайсысынан 78 640 теңгеден міндетті төлем өндірілетін болды.
Сот Эльмира Дүйсенқызына келтірілген залалды өз еркімен өтеу үшін бір ай мерзім берді. Осы уақыт ішінде қаражат өтелмеген жағдайда, өндіріп алу рәсімі сот орындаушылары арқылы жүзеге асырылады.
Айта кетейік, Эльмира Дүйсенқызы бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ол бұрын Ұлттық қауіпсіздік органдарының бұрынғы қызметкеріне қатысты іс бойынша пара беруге делдал болғаны үшін сотталған. Кейін «Риана» жекеменшік мектебіне қатысты іс бойынша мемлекетке 278 млн теңге көлемінде залал келтіргені үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін жазасының өтелмеген бөлігі айыппұлмен алмастырылып, мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан болатын.
Бұдан бұрын Шымкентте білім беру ұйымдарында 700 млн теңгеден астам қаржы заңсыз төленгені белгілі болған еді.
USD




