БЕОГРАД. 27 сәуір. Ресейдің Шешенстан автономиясының басшысы Рамзан Кадыровтың туған жиені Якуб Закриев Сербия дәулетінің азаматы атанды. Бұл туралы «Азаттық» радиосының ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сербия билігі Шешенстанның басшысы Рамзан Кадыровтың жиені Якуб Закриевке елдің азаматтығын беру жөнінде шешім қабылдады. Шешімге Сербия премьер-министрі Джуро Мацут қол қойды.
Direktno және Nedeljnik атты серб газеттерінің мәліметі бойынша, оған Сербия азаматтығы республика «мүддесі» үшін ұсынылғанға ұқсайды. Бірақ оның нақты қандай мүдде екені ашып айтылмайды. Тек бұдан алдын аталған азаматтың АҚШ пен Ұлыбританияның санкциялар тізіміне кіргені ғана белгілі болатын.
Якуб (Ибрагим) Закриев – Рамзан Кадыровтың ең үлкен әпшесі Зулайдың ұлы. Ол 2018 жылы 27 жасында Грозный қаласының мэрі болып тағайындалған. 2020 жылы ақпанда республика лидері мен үкіметі әкімшілігінің басшысы болды. Содан кейін үкімет басшысының орынбасары және ауыл шаруашылығы министрі болып бекітілді.
2023 жылы шілдеде Закриев Danone компаниясының ресейлік бөлімшесінің президенті деген лауазым алды. Ол бұл қызметке Ресей президенті Владимир Путин француздың Danone концернінің акцияларын Росимуществоға уақытша басқаруға беру туралы жарлық шығарғаннан кейін барды. Осыдан кейін көп ұзамай ресейлік Danone кенет «Эйч энд Эн» акционерлік қоғамына айналып кетті. Артынша оның жеке тұлғаларға сатылғаны жайлы сөз қозғалды. Мәтбұғат мәліметінше, концерн активі «50-ге 50» форматымен Кадыровтың жиені және Татарстанның «Вамин» сүт холдингі арасында бөліске түсуге тиіс болған.
Закриевтің жоғары экономикалық білімі бар, ол МГУ-дің мемлекеттік аудиті жоғары мектебін бітірген.
Рамзан Кадыров жиенінің «Логика молока» компаниясы (бұрынғы «Данон Россия») Новосібірдің «Полярис» балмұздақ фабрикасын сатып алған. Бұл Шешенстан басшысы төңірегіндегі адамдар егелік етіп жүрген13-ші фирма болып отыр.
USD




