ҚЫЗЫЛОРДА. 21 қазан. Қызылордада Республика күні қарсаңындағы тағы бір маңызды іс-шара – «Terra Green» ЖШС заманауи жылыжай кешенінің іргесін қалау рәсімі болды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осыған арналған жиынға Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев, Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мустафа Капуджу, «Terra Green» компаниясының өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Іс-шара барасында серіктестік құрылтайшысы Фатих Будан жиналған жұртшылыққа жобаның негізгі бағыттары мен ерекшеліктері туралы айтып берді.

Өз кезегінде облыс әкімі өңірде агроөнеркәсіп саласын дамытудың артықшылықтарына тоқталып, жаңа жылыжай кешені құрылысының басталуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде жаңа инвестициялық кезеңді бастауды, оның ішінде агроөнеркәсіп саласына баса мән беруді тапсырған болатын. Өздеріңізге белгілі, агроөнеркәсіп кешені – облыс экономикасының негізгі салаларының бірі. Еліміздегі күріш пен ас тұзының 90 пайыздан астамы Қызылорда облысында өндіріліп, алыс-жақын шет мемлекеттерге кеңінен экспортталуда. Осы тұста тұрғындарды сапалы көкөніс өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жылыжай шаруашылығын дамыту өте маңызды. Бүгін құрылысы басталатын жылыжай кешені тұрғындарымыздың маусымаралық кезеңдегі қажеттілігін толық қамтуға және өңіріміздің экспорттық әлеуетін арттыруға серпін береді. Ең бастысы, жүздеген отбасы үшін тұрақты табыс, жастарымыз үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Салтанатты шарада Мустафа Капуджу, облыс прокурорының міндетін атқарушы – инвестициялық омбудсмен Нұрболат Дүйсенбаев сөз сөйледі. Ауыл шаруашылығы саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Ұлықбанұлы бата берді.
«Terra Green» заманауи жылыжай кешені – агроөнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған маңызды жоба. Өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, су және жер ресурстарын тиімді пайдалануға, сондай-ақ саланы әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Жылыжай кешені іске қосылғанда, тұрғындар жыл бойы сапалы әрі жаңа көкөніске қол жеткізеді. Бұл баға тұрақтылығын сақтауға және жергілікті өнімнің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал етеді.

USD




