ҚЫЗЫЛОРДА. 15 шілде. Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев облыстық қоғамдық кеңес мүшелерін қабылдап, олардың жұмысты жандандыруға қатысты ой-пікірлерін тыңдады. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Кездесуге облыстық басқарма және департамент басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы жиынға қатысушыларды Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының заңды күшіне енуімен құттықтап, Мемлекет басшысы бастамашылық еткен конституциялық реформалардың елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы тарихи маңызын атап өтті.
«Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру және Әділетті Қазақстан қағидаттарына негізделген қоғам құру басты басымдық ретінде айқындалды. Бұл өзгерістер мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, азаматтардың ел дамуына белсенді қатысуына жаңа мүмкіндік береді», – деді Мұрат Ергешбаев.
«Бүгін өздеріңізбен пікір алмасу мақсатында жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Қоғамдық кеңес – билік пен қоғам арасындағы алтын көпір, ел мүддесі мен халықтың талап-тілегін тоғыстыратын маңызды институт. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз, елдік мәселелерге қатысты ой-пікірлеріңіз, ұсыныстарыңыз алдағы жұмысымызға бағыт-бағдар болатынына сенімдімін», – деді облыс әкімі бұдан әрі.
Ол жақында ғана облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайланған Наурызбай Байқадамовты құттықтап, оның алдағы уақытта кеңеспен бірге өңір халқының игілігіне бағытталған ортақ шешімдер қабылдайтынына сенім білдірді.
Кездесуде облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Қылышбай Бисенов, облыстық мәслихат депутаттары Жорабек Нұрымбетов, Қайрат Ерназаров, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры, облыс бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жақсыгүл Тоғанова, жеке кәсіпкер Пірмұхамед Сыздық және «Qyzylorda» телеарнасының бас редакторы Айнұр Тұңғышбаева өз пікірлерін ортаға салды.
Қоғамдық кеңестің маңызды мәселелерге орай сындарлы диалог алаңын қалыптастырудағы маңызы зор. Кеңес мүшелері тұрғындардың мүдделерін білдіруде, әлеуметтік-экономикалық даму, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, экология және басқа да салалардағы өзекті мәселелерді талқылауда белсенділік танытып келеді.
Жиында да елді мекендерді газдандыру, су ресурстарын тиімді пайдалану, тарихи нысандарды мемлекет меншігіне қайтару, тұрғын үй құрылысы мен инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты ұсыныстар айтылды.

USD




