ТБИЛИСИ. 21 шілде. Полиция қызметкерлері картвельдің Кахети қаласында Ресейден келген әйелді соққыға жыққан жергілікті тұрғынды ұстап әкетті. Бұл туралы Masa.media ресурсына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Сакартвелоның Кахети қаласындағы бес жұлдызды «Agarani Estate» мейманханасында ресейлік үш турист әйелмен арада орын алған жанжал әлеуметтік желі арқылы күллі әлемге тез тарады. Кикілжің тұрмыстық келіспеушілік шеңберінен тез шығып кетіп, халықаралық қауымдастықты табанынан тік тұрғызды. Осы шиеленістің салдарынан әйелдердің бірінің мұрны сынып, жергілікті ауруханаға жатқызылған.
Бұқаралық ақпарат құралдарының мағлұматтарына сай, ресейлік үш турист құрбы – Юлия, Полина и Владислава – іштеріндегі бірінің туған күндерін осында атап өтпекші болып келген. Дәл сол уақытта отельдің астында бір үйлену тойы өтіп жатқан.
Қыздардың айтуларынша, олар өздері орналасқан үшінші қабаттағы нөмірдің балконында аққайнар атып ішпекші болған. Сол кезде шараптың бірнеше тамшысы төменге қарай төгілген. Көп ұзамай бұларға күзетші келіп, тамшылар диджейдің аспабын бүлдірді деген шағым айтқан.
Кейінірек, туристердің бірінің сөзінше, олардың нөміріне тойдың масаңдау бір қонағы – Георги Чигладзе баса-көктеп кірген. Айтуларынша, ол кіре салып: «Сендер орысша сөйлеп, тойдың шырқын бұздыңдар» деген айып таққан. Ал қыздар мұны өз нөмірлерінде жасағандарын айтқанда, ол: «Сендер менің елімде жүрсіңдер» дүрсе қоя берген. Сосын, зардап шегушілердің сөздеріне қарағанда, жігіт Юлияның бетінен ұрған. Нәтижесінде қыздың мұрны сынып, шұғыл ота жасалған.
Ал үйлену тойына қатысушылар болса, оқиғаның мүлде басқаша арнада өрбігеніне уәж келтіреді. Шабуыл жасаушы жігіттің туыстары мен оқиғаға куә болғандар жанжалдың орыс тіліне байланысты шықпағанын алға тартады. Олардың сөзінше, турист әйелдер төмендегі шуға наразылық білдіріп, балконнан қонақтарға ерікті түрде су немесе шарап секілді сұйық нәрсені төккен, сөйтіп, үстелдердің үсті мен қымбат тұратын музыка аспаптарын бүлдірген. Жергілікті картвельдер сондай-ақ қыздардың өздерін соншалықты агрессивті ұстағандарын, қонақтарды қорлайтын сөздер айтқандарын еске салады. Олардың бірі тіпті кісілердің бірінің тамағынан ұстап алған.
Сакартвело Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қыздарға шабуыл жасап барған жігіт – Георги Чигладзе шынында құлып астына алынған. Оған қатысты «қасақана адамға жеңіл түрде залал келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Онда үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазір картвель жігітінің туыстары ол үшін 1900 доллар көлемінде кепілдік төлеп, үйлеріне шығарып алғандары белгілі болды. Ал ресейлік үш турист қызды әзірге елдеріне қайтармай, ұстай тұруға шешім қабылданған.
USD


