АСТАНА. 22 желтоқсан. Қызылорда облысының бюджеті 2021 жылдан бері 246 пайызға дейін артып отыр. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Сыр өңірінде экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша оң динамика қалыптасты» дегенді айтты Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде.

Аймақ басшысы өз сөзінде атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта қолға алынатын жобалар туралы баяндады.
«Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында өткен 11 айдың қорытындысымен негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің барлығының өсімі қамтамасыз етілді», – деді аймақ басшысы журналистер алдында.
Облыс әкімінің айтуынша, жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн 100 млрд теңге (108,1%) болса, жыл қорытындысымен 3 трлн 700 млрд теңгеге жетіп, 6,5 пайыздық өсім қамтамасыз етілген (2021 жылмен салыстырғанда 2 есе артық).
Аймақ бюджеті 851 млрд 300 млн теңге болып, 2021 жылдан бері 246 пайыз өскен. Оның 56 пайызы (477,6 млрд тг) әлеуметтік салаға бағытталған. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 млрд теңге болса, биыл 207 млрд теңгеге көтеріліп, 4,4 есеге ұлғайған.
Өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. 2022-2024 жылдары облыс экономикасына 1 трлн 600 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылса, биылға 631 млрд 400 млн теңге жоспарланған. Бүгінде жаңа жобаларды іске қосу арқылы жоспар 750 млрд теңгеден асып, 13,7 пайызға артығымен орындалды. 2021 жылмен салыстырғанда, инвестиция көлемі 233 пайызға өсті, жеке инвестицияның үлесі 70 пайызға жеткен.
Кәсіпкерлікті қолдауға 2022-2024 жылдары әртүрлі көздерден бөлінген 203 млрд 81 млн теңгеге 16 634 жоба қаржыландырылды. Оның 37 млрд 962 млн теңгесі – мемлекеттік бағдарламалар қаражаты. Биыл 40 млрд теңгеге 2 464 жоба қолдау тауып, кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі 21% болады.
Облыс экономикасының негізі саласы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға соңғы 3 жылда 43 млрд теңге қаржы бөлінді. Шаруашылықтар есебінен 41 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Корея Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының бірі Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен келіссөздер жүргізіліп, 2023 жылы 6 қарашада Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Жасанды интеллект институты ашылды.
«Президент тапсырмаларын жүйелі іске асырып, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру жолындағы жұмыстарымызды әрі қарай жалғастырамыз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

USD




