ГУЙЯН. 21 маусым. Қытайдың Гуйян қаласында мәреге жеткен бокстан Әлем кубогы екінші кезеңінің қорытындысында Қазақстан құрамасы ресми емес командалық есепте екінші орын алды. Бұл туралы Olimpik.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бір қуаныштысы, бүгін турнирде финалға шыққан 5 қазақ боксшысы түгелдей жеңіске жетті.
Бізден ең соңынан команда капитаны Айбек Оралбай (суретте) 90 келіден ауыр салмақта германиялық Никита Путиловты 5:0 етіп ұтып, ұжымға бесінші алтын медальды алып берді. Бұған дейін өзбек Асилбек Жалиловты 3:2 етіп ұтқан Санжар Тәшкенбай (50 келіге дейін), италиялық Сирине Чарообиді 5:0 етіп тізе бүктірген Назым Қызайбай (54 келіге дейін), тайпейлік Ли Ю Тингтен 3:2 есебімен басым түскен Виктория Графеева (60 келіге дейін) және үндістандық Дипак Дипакты 5:0 етіп сүріндірген Абылайхан Жүсіпов (70 келіге дейін) чемпион атанған болатын. Мұнда, әсіресе Олимпиада чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы деген атақтары бар қарсыласынан алғашқы екі раундта жеңіліп тұрған Графееваның түбінде жеңіп шығуы үлкен жігермен келген зор жетістік болды.
Ал Аида Әбікеева (65 келіге дейін), Валерия Аксенова (80 келіге дейін) және Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) жарысты қола медальмен аяқтады.
Қазақстанның әйелдер құрамасы 2 алтын және 3 қола медальмен командалық есепте екінші орынға табан тіреді. Бірінші орынға 5 алтын, 2 қола медаль алған Қытай жамағаты орналасты. Ерлер құрамалары арасынан да қазақстандықтар 3 алтын медальмен мәреге екінші болып жетті. Бірінші белесті 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жинаған өзбектер алып кетті. Көрші ел терма жамоаты сапында сынға түскен 90 келіден ауыр салмақтағы ұлты қазақ Арман Маханов қола жүлдегер атанды.
Жалпы есепте 5 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль жиған Қытай боксшылары бірінші тұғырға шықса, 5 алтын және 3 қола медальмен Қазақстан екінші орынға тұрақтады. Үштікті Өзбекстан құрамасы 4 алтын, 3 күміс және 4 қола медальмен тиянақтады. Бұдан ары мына командалар үздіктер тобын құрды: 4.Франция (2-2-4), 5.Үндістан (1-3-1), 6. Бразилия (1-2-1), 7. Әзербайжан (1-1-1), 8. АҚШ (1-1-0), 9. Англия (0-2-2), 10. Италия (0-2-1).
Әлем кубогының шешуші үшінші кезеңі биылғы қараша айында Твшкентте өтеді.
USD




